2022 жылы дизель бағасы қанша болады?

122

Биыл шаруалар дизель отынын қандай бағада сатып алады? Бұл сауалға энергетика вице-министрі жауап берді. Сөзінше, жанар-жағармайдың литрі 230-260 теңгеге жетеді. Бұл өткен жылға қарағанда қымбат баға. Сонымен қатар министр биыл дизель тапшылығы бола ма деген сауалға да жауап берді.

Биыл дизель отыны қымбаттады. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов мәлімдеді. Мұнай өңдеу зауытында дизелдің бағасы литріне 176 теңге, ал аймақтарға жеткізу мен сақтауды есептегенде 230-260 теңгеден түседі.

Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13% — ға артық. Көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы және тұрақты жүргізу үшін еліміздің ауыл шаруашылығы өндірушілеріне 400 мың тонна дизель отыны бөлінген. Сондай-ақ, министр елде дизель тапшылығы бар ма деген сауалға да жауап берді.

Асет Мағауов,  ҚР Энергетика вице-министрі: «Мұндай қауіп жоқ. Өткен жылдың өзінде бөлшек сауда нарығын дизель отынымен қамтамасыз ету бойынша күрделі жағдай болған кезде, біздің заңнамада ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін жөнелту бойынша басымдық белгіленген. Қазіргі кесте бойынша жақсы жұмыс жүріп жатқанын көруге болады».

Министрлік дизель отыны жетіспеуі салдарынан бағасының күрт өскенін айтады. Ал оған көрші елдерде дизельдің Қазақстаннан әлдеқайда қымбат бағаға сатылғаны себеп болған. Мысалы, Қазақстанда 200 теңгеден сатылған дизель Ресейде 300, ал Өзбекстанда 350 теңге сатылып отырған. Нәтижесінде елдегі дизель отыны шетелге ағылған. Биыл мұндай жағдайдың қайталануына жол бермеу үшін мұнай өнімдері туралы заңға түзетулер енгізілді. Оған сәйкес, жеткізушілердің жеке мұнай базалары болуы керек деген шешім қабылданған.

Асет Мағауов, ҚР Энергетика вице-министрі: «Ауыл шаруашылығы министрлігі жыл сайын облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, республиканың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің мұнай өнімдеріне қажеттілігінің көлемін айқындайды және министрлікке дизель отынын жеткізу көлемі туралы ұсыныстар енгізеді. Бұл үшін арнайы жүйе желтоқсан айына дейін құрылып, жұмыс істейді».

Министрдің сөзінше, облыс әкімдіктері өз деңгейінде фермерлерге дизель отынын жеткізу бойынша операторларды анықтайды. Диқандарға дизель отынының көлемін бөлуде ашық болуға, бөлу тізбегіндегі артық буындарды жоюға, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықты болдырмауға мүмкіндік береді.

Гүлдана Дәурен