Биыл «Алтын белгі» иегерлеріне талап күшейді

47

Ұлттық бірыңғай тестілеуде нашар нәтиже көрсеткен «Алтын белгіге» үміткер оқушы білім алған мектеп басшылығы жұмыстан шығарылуы мүмкін. Бұл туралы бұған дейін ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтқан еді.

Мәселен, биыл Шымкенттің өзінде 450-ден астам оқушы алтын белгіге үміткер болып отыр. Сондықтан еліміздің бас ұстазы білім басқармаларына аталған мәселені назарға алуды тапсырды.

Шымкентте мектеп бітіріп жатқан 11 189 оқушының 452-і «Алтын белгіге» үміткер. Бірақ биыл бұл түлектер үшін жауапкершілік жоғары. Өйткені, ұлттық біріңғай тестілеуден төмен балл жинаған оқушы үшін мектеп басшысы жұмыстан кетуі мүмкін. Бұл туралы еліміздің бас ұстазы айтқан еді. Сондықтан қалалық білім басқармасындағылар директорларды үздік оқушыларға барынша қолдау білдіруге шақырамыз дейді.

Гүлісхан Нахбаева, Шымкент қалалық білім басқармасының басшы орынбасары: «Әрине, мысалы 5 – ке оқитын «Алтын белгіге» үміткер оқушы 3 – ке тапсырса, ол жаман нәтиже деп айтсақ болады. Енді бұл жерде мектептің басшылары да жұмыс бабымен тартылатын болады. Тәртіптік шара көрінеді. Жалпы әр бала үшін ол күн өте маңызды күн. Психологиялық жағынан болса да, сеніміне де. Баланы жан-жақты дайындау керек. Тек пән бойынша ғана емес. Психология жағынан да дайындау да өте маңызды».

Өткен жылы үшінші мегаполисте 500 – ге жуық оқушы «Алтын белгіге» үміткер болып, рекордтық көрсеткішке жеткен еді. Ал биыл олардың қатары азайған. Бірақ бұл министрдің мәлімдемесі мен талап күшеюіне қатысты емес, білім сапасының төмендеуіне байланысты екен.

Гүлісхан Нахбаева, Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы орынбасары: «Өздеріңіз де білесіздер. Осы жылы кішкене пандемияға байланысты білім сапасы ол әрине түсті. Себебі, онлайн форматта оқыту жүргендіктен біздің оқушылармыз білім сапасын арттыру бойынша қазір жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өткен жылмен салыстыратын болсақ, 498 үміткеріміз болған. Оның 7-і құлап, 491-і ақтап шықты».

Биыл мегаполис бойынша ең көп «Алтын белгі» үміткерін дайындап жатқан №2 мамандандырылған үш тілде оқытатын мектеп-интернаты. Бұл білім ордасын осы жылы 85 түлек бітіріп шығады. Ал оның 23-і «алтын белгіге» үміткер. Өткен жылы көрсеткіш бұдан да жоғары болған. Мектеп директорының айтуынша, 87 бітірушінің, 37-і «Алтын белгі» иегері атанған.ъ

Сапарғали Сауранбаев, №2 мамандандырылған үш тілде оқытатын мектеп-интернатының директоры: «Мұғалімдердің шеберлігінің арқасында, күндіз-түні талмай оқытудың арқасында осындай нәтижеге жетіп отырмыз деп ойлаймын. ҰБТ-ны тапсыруды екі кезеңге қойды ғой министріміз. Қазіргі таңда 4 «Алтын белгім» тапсырды. Оның алды 130, 128, 108 балл алды. Яғни, 100-ден жоғары. Ал бір оқушым, С. Димирел атындағы университетінің грант иегері атанды, олимпиада жеңімпазы ретінде».

Оқушылар сенімімді ақтайды деп үміттемін деген мектеп басшысы қазірдің өзінде нәтиже жаман емес екенін айтады. Шәкірттерге алдағы уақытта да барынша қолдау білдіруге дайынбыз дейді.

Мөлдір Ибадуллаева