Бұзақылар ер адамды соққыға жыққан, жәбірленуші ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр

61

Оқиға 16 — мамырда «Көктем» базарының маңында болған. Белгісіз адамдар қала тұрғынын соққыға жыққан, салдарынан жәбірленуші ауыр халде жансақтау бөліміне түсті, деп хабарлайды ОТЫРАР.

Редакциямызға жәбірленуші Арысбек Құралбековтың туыстары жүгінді. Олардың айтуынша, екі ер адам жәбірленушіні ұрып-соғып, оқиға орнынан қашып кеткен. Екі ер адам жәбірленушіні бұрышқа апарып, қатты соққыға жыққан сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

Қазір отбасының жалғыз асыраушысы, үш баланың әкесі Арысбек Құралбековтің жағдайы өте ауыр, 3-дәрежелі комада жансақтау бөлімінде жатыр.

«Күдіктілер сол күні ұсталып, Еңбекші аудандық полиция бөліміне жеткізілген болатын, алайда, кейіннен оларды босатып жіберген», дейді туыстары.

«Қаулыда тергеуші қылмысты ҚР ҚК 106-бабының 1-бөлігімен іс қозғау кезінде бір топ адамдар жасағанын көрсетеді, алайда, бейнебақылау камераларындағы жазбаларға қарамастан, олар ешкімді күдікті ретінде танымай, сол күні кешке босатқан. Және олар қазір бостандықта жүр. Өтінемін көмектесіңіздер! Басқалардың да өміріне қауіп төндіруі мүмкін ғой, бұзақылар әділ жазасын алуы үшін түрмеге қамалсын», – дейді Арысбек Құралбекованың әйелі.

Жәбірленушінің туыстары қылмыскерлер заң аясында жазаланады деп үміттенеді.

«Отырар» редакциясы түсініктеме алу үшін Шымкент қалалық полиция басқармасына жүгінді. Алдағы уақытта істің мән-жәйі бойынша хабардар ететін боламыз.