«Amanat» партиясының депутаттары Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне сый көрсетті

141

Сұрапыл соғыс өрті сөніп, бейбіт аспан астында күн кешкелі – 77 жыл. Шымкентте Ұлы Жеңіс мерекесіне орай «Amanat» партиясының депутаттары Ұлы Отан соғысының ардагерлерін құттықтап, олардың өтініш-тілектерін тыңдап қайтты.

Ұлы Отан соғысының ардагері, радио операторы Нина Мосунова Аманат партиясының депутаттарымен ұзақ өмір сүрудің құпиясымен бөлісуде. Қарт ана денсаулығына мүлдем шағымданбайды. Ал ұзақ жасаудың сыры – дұрыс тамақтану дейді ардагер. Қазір ардагер – 99 жаста.

Ал шын мәнісінде соғыс уақытында дұрыс тамақтануға мүмкіндік те болмаған. Себебі, майдан даласында тамақ тапшы. Бұрынғы радиотелефонист сұрапыл соғыс уақытын еске алғанды ұнатпайды. Ол депутаттардан қан майдан туралы айтқаннан гөрі, әйелдер құпиясы жөнінде сыр шертуді сұрады.

Халық қалаулылары соғыс ардагеріне сыйлықтарын табыстап, бұдан кейін де қонаққа келіп тұруға уағдаласты. Нина Мосунова депутаттардан ардагерлерге жиі көңіл бөлуді сұрайды. Және ел үшін жанын қиған батырларды жас ұрпақ ұмытпаса екен дейді.

Нина Мосунова, Ұлы Отан соғысының ардагері: «Бастысы соғыс болмасын. Қалғаны жақсы болады. Денсаулықтарың жақсы болсын, жақсы білім алыңдар. Енді соғыс болмасын, ұрпағымыз көбейе берсін!»

Ал Вера Степановна Утробина майданда Берлинге дейін жеткен. Ол соғыс кезінде жаралыларды құтқарып,  дәрігер әрі аспаз болып жұмыс істеген. Ардагердің жасы 99-да, қария депутаттарға осы жасқа жетуді тіледі.

Сонымен қатар, депутаттар даңқ мемориалына барып, ерлікпен қаза тапқан батырларды еске алып, мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.

Төрайым Сұлтанова, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты: «Бүгін Жеңіс күні. Ұлы Отан соғысы батырлары үлкен сұрапыл соғыс кезінде елді қорғап, жерді қорғап, бақытты өмірге жетуімізге үлкен үлесін қосты. Ардагерлердің барлығына біз құттықтап жатырмыз, олар санаулы ғана қалды. Олардың еңбектерінің бекер кетпегенін көретіп, бейбіт өмірді жалғастырып, еліміздің болашағын, жастарымыздың болашағын бейбіт қылып өсіруге өз үлесімізді қосып жатырмыз деп айта аламын».

Әйгерім Жұмағұлова, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты:  «Шымкент қаласы бойынша азды-көпті 7 ғана ардагеріміз қалды. Сол кісілерді бүгін құттықтап шығуды жөн көрдік. Әрине олардың батырлықтарын тек 9 мамыр ғана емес, жыл он екі ай ұмыптау керек. Бүгінгі тәуелсіз мемлекетте еркіндікте өмір сүруіміз, аспанымыздың ашық болғанына біз сол кісілерге қарыздармыз. Алғысымызды шексіз!».

Халық қалаулылары ардагерлерге жиі келіп тұруға, олардың өтініш-тілектерін орындауға, сондай-ақ, батырлар қорғаған елдің игілігі үшін лайықты жұмыс істеуге сөз берді.

Гүлдана Дәурен