Халықты жұмыспен қамтуға 3 млрд. теңгеден астам қаржы қаралған

45

Биыл Шымкентте халықты жұмыспен қамту үшін 3 млрд. теңгеден астам қаржы қаралған. Ал 33 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Мамандар жұмыссыздық деңгейі өткен жылмен салыстырғанда өзгермегенін, яғни 4-5 пайыз екенін айтады. Ал қалалық халықты жұмыспен қамту орталығына күніне шамамен 400-ге жуық адам екі қолға бір күрек іздеп келеді екен.

Нұржамал Нартаеваның жұмыс іздеп жүргеніне 1 жылдан асты. Келіншек 2018 жылы Жетісай медициналық колледжін тәмамдаған. Ал оқуды аяқтағаннан кейін балабақшада 2 жыл жұмыс істеп, декреттік демалысқа шығыпты. Қазіргі уақытта жұмыс іздеп жүрген келіншек қалалық жұмыспен қамту орталығының көмегіне жүгінуді жөн көріпті.

Нұржамал Нартаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мен жұмыс іздеп жүргеніме 1 жылдан асып қалды. Қазір осы халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыс іздеп келіп отырмын. Бізге тауып беруге көмектесеміз деп жатыр, ақпаратпен қамтамасыз етуде».

Қалалық жұмыспен қамту орталығы мамандарының сөзінше, үшінші мегаполистегі жұмыссыздық көрсеткіші шамамен 4-5 пайызды құрайды. Ал орталыққа күніне 300-400 адам екі қолға бір күрек іздеп келетін көрінеді. Мамандар жұмыс іздеп жүрген жандар үшін жақында 30-дан астам мамандықты қамтитын 3 айлық мерзімді кәсіптік оқыту бағдарламасының басталатынын атап өтті.

Дәурен Дүйсебаев, Шымкент қаласы халықты жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы: «Жалпы Шымкент қаласы бойынша жұмыссыздық деңгейі 4-5 пайыздың көлемі. Арнайы бағдарлама бар 2021-2025 жылдарға арналған.  Қазіргі таңда жыл басынан бері 6300-ден астам азамат уақытша жұмыс орындары дейді, тұрақты жұмыс орындары, мемлекеттік грант негізінде жұмыспен қамту шараларына тартылды».

Биыл үшінші мегаполисте халықты жұмыспен қамтуға 3 млрд. теңгеден астам қаржы қаралған. Ал жыл соңына дейін 33 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарланса, оның 21 мыңға жуығы тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтіліп отыр.

Гүлдана Дәурен