Онкологиялық аурулардың алдын алу – өзекті мәселе

56

Түркістан облыстық клиникалық ауруханасы жанындағы онкологиялық тері ісігі мен меланома, жатыр мойны және қуық обырының алдын алу мақсатында ашық есік күні өтті. Шарада Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тұрғындары тегін профилактикалық тексеруден өтіп, мамандардан кеңес алды.

Дильмира Ахметова меңін алып тастауды көптен бері жоспарлап жүрген. Түркістан облысындағы онкологиялық диспансерде тегін кеңес алған ол бірден ота жасатуға бел буыпты. Бүгінде 53 жастағы науқасқа дерматоскопиялық операция жасалды.

Дильмира Ахметова, Түркістан облысының тұрғыны: «Достарымнан бүгін ашық есік күні болатынын және барлық қажетті тексерулерден тегін өтіп, онкологтардан кеңес алуға болатынын естідім. Мен онкодерматологқа бардым, онкогинеколог барлық сұрақтарыма жауап берді. Дәрігерлерге көп рахмет».

70 жастағы Жетісай тұрғыны Қаламқас Ахатаева да денсаулығын тексертіп кеңес алуды жөн санапты.

Қаламқас Ахатаева, Түркістан облысының тұрғыны: «Мен Жетісайда тұрамын, ашық есік күні болатынын теледидардан біліп, келуге бел будым. Мен гинекологқа барып, тексеруден өттім. Тегін тексеруден өткізген дәрігерлерге рахмет».

Дәрігерлердің айтуынша жатыр мойны обыры әйелдер арасында көп кездеседі. Ал қуықтың қатерлі ісігі ер азаматтарда жиі анықталады екен. Қатерлі ісік түрлерінің ішінде меланома ең қауіптілерінің бірі болып саналады. Себебі, ауруды тек бастапқы кезеңде ғана емдеуге болады.

Марат Төлегенов, ОКА-ның Онкология бойынша жауапты маманы: «Жатыр мойны обыры, тері қатерлі ісігі және меланома сияқты өзекті аурулар көзге көрінетін аурудың түрлері болып табылады және теріде терінің үстінен шығатын ісіктер бар болса, пациент өзін-өзі тексеруді жүргізе алады. Адам барлық қажетті тексерістен өтуі керек».

Дәрігерлер қырыну кезінде және күн сәулесінің тұрақты әсерінен немесе киіммен жанасу кезінде оңай зақымдалуы мүмкін меңдерден құтылған дұрыс деп санайды.

Марат Төлегенов, ОКА-ның Онкология бойынша жауапты маманы,Түркістан облыстық онкологиялық қызметке жауапты маман: «Өлшемдері кішкентай болса және арнайы косметикалық ақаулар бермесе, мұндай жағдайларда хирургиялық емдеу қолданылады. Емдеудің басқа әдістері бар – сәулелік терапия, криотерапия, лазерлік терапия. Біздің орталықта бұл процедуралар орындалатын шағын операциялық бөлмелер бар. Егер қатерлі ісікке күдік болса, МӘМС аясында диагностика және емдеу тегін жүргізіледі».

Мең немесе денедегі әртүрлі дақтар әр адамда болуы мүмкін. Бірақ кейде олардың кейбірі адам өміріне қауіп төндіреді екен. Ал дерматоскоп құрылғысы терідегі зиянсыз түзілімдерді тері ісігінен ажыратуға және меланоманы ерте кезеңде анықтауға көмектеседі. Ең бастысы – маманға уақытында хабарлассаңыз болғаны.

№0111231DX лицензиясы Түркістан облысы ДСБ 20.02.2018 ж берілген