21 мамында «Ордабасы» – «Ақсу» футбол ойыны кезінде қатты соққан жел Қажымұқан стадионның шатырын ұшырып әкетті. Абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ. Ауа райының тосын мінезінен орын алған оқиғада мемлекеттік рәміздердің бірі үйінді астында қалып қойған еді. Дәл сол мезетте бір топ азамат туды алып шығып, сол сәт бейнеленген видео әлеуметтік желіде кеңінен тарап кетті.
Бұл видео әлеуметтік желіде 2 млн қаралым жинап үлгерді. Шатыр астында қалған туды алып шыққан шымкенттіктердің ісін көпшілік батырлыққа балауда. Алайда Әбілқайыр «өз өмірлеріне қауіп төнсе де, туды жерге таптатпау біздің азаматтық борышымыз» дейді
Әбілқайыр Дәулетов, Шымкент қаласының тұрғыны:»Халықтан көмек сұрады. Трибунадағы 200-250-дей адам келіп, барлығы бірге шатырды көтерді. Туды алып шығу кез келгеннің қолынан келетін ерлік деген ойдамын. Бір жағынан шатыр ауыр болды астында қалып кетсем деген басында үрей болды. Еліміздің туын қастерлегеннен кейін, жерде тапталмасын көкте желбіресін деген болды бірінші мақсат».
Футбол ойыны кезінде стадионда мыңға тарта жанкүйер болған. Құлаған шатырды барлығы бірлесе жерден көтеріп, зардап шеккендерді іздестіру кезінде тудың жерде жатқанын байқаған. Өрт сөндіруші болып жұмыс істейтін Нұркен Намаз туды көрген сәтте ұзақ ойланбастан үйінді астына кіріп кетіпті.
Нұркен Намаз, Шымкент қаласының тұрғыны: «Желдің әсерінен шатыр мына жерге келіп құлады. Мына жыртықтар сондан қалған. Туды көрген соң алып шығу керек болды. Ту біздің қастерлеген ең маңызды дүниелеріміздің бірі. Бізді осы арқылы таниды. Біз осыны көріп өстік. Ту әрдайым жоғары тұруы керек».
Бүгінде оқиға орны қалдықтардан тазартылған. Десе де Қажымұқан стадионының бас ғимараты біраз уақыт шатырсыз қалмақ. Жөндеу жұмыстарына қашан қаражат бөлінетіні тек маусым айында белгілі болады. Ал ең бастысы, матч басталар алдында жауапты мамандар шатырдың техникалық жағдайын тексерген. Бірақ олар, ешқандай ақау таппаған.
Мақсұт Исахов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Спорттық жиын болатын кезде ТЖ адамдары, біздің спорт мамандары бәрі бірге тексеріп, сол нысанның дайындығы туралы акт жасалады. Бұл ойында да акт түзілді. Ол бойынша ешқандай ақау болмаған болатын».
Стадионның шатыры соңғы рет 2004 жылы күрделі жөндеуден өткен екен. Ал Шымкент полициясы айтулы оқиғаға қатысты «Сапасыз құрылыс» бабы бойынша іс қозғады. Заңға сәйкес, апатқа айыпты адам табылып, кінәсі дәлелденсе, ол алты миллион теңгеден астам айыппұл арқалауы мүмкін.
Әсел Мәлік