Қызғалдақтардың орнына Шымкентте біржылдық гүлдер отырғызылады

0

Тәуке хан даңғылы бойында жерді кезекті бір жылдық гүлдерге дайындау жұмыстары қарқын алған. Жақында ғана мұнда түрлі түсті қызғалдақтар жайқалып тұрған еді. Гүлдеп біткен қызғалалдақтардың баданалары өткен аптадан бері қазылып, келесі жылдағы маусымға жиналуда.

Қызғалдақтың баданасы, сабақтары, қураған жапырақтарынан тазартылған жер телімі сол арада арнайы техникамен қопсытылуда. Осыған дейін жерді коммуналшылар екі-үш күн кетпенмен босатып қопсытатын болса, енді техника бұл жұмысты бір күнде атқарып шығып, жерді келесі гүлдерді отырғызуға дайындайды.

«Техниканы білген соң жұмысты маған тапсырды. Бұл техникаға  тәулігіне  10-15 литр бензин кетеді. Жұмысы өнімді. жақсы» – дейді коммуналдық мекеменің жұмысшысы Фахриддин Жаңбаев.

Негізні көшелердің бойына бір жылдық гүлдердің көшеттері отырғызылмақ. Былтыр осы уақытта шафран сияқты гүлдер жайқалып тұрған еді- дейді салада еңбек еткеніне 15 жылдан асқан Әтіркүл Абдураимова.

Әтіркүл Абдураимова, коммуналдық мекемекенің шебері: «Шафран, соляти, пагетти гүлдерін отырғызамыз. Ия биыл кеш ектік. Бір жағынан ауа райы, екінші тендер. Сотасып жатыр, біз ұтсақ қой».

Қаланы көгалдандыру жұмыстары туралы ақпарат әкім есебінде де айтылған болатын.

Мұрат Әйтенов, қала әкімі: «Коммуналшылар бір-бірімен соттасып жатыр. Біреуі ұтып еді, соттың шешімімен келіспеген тарап қайта аппеляцияға беріп, уақыт кетіп жатыр. Енді тендердің шарттарын өзгертпекпіз. Коммуналдық мекеме бір жылға емес 5-6 жылға дейін жұмысын атқарады».

Алайда,  қала аумағындағы көгалдандыру жұмыстары тоқтап қалған жоқ. Былтыр тендерде жеңіске жеткен коммуналдық мекеме жұмысшылары биыл гүл, жасыл желекке күтім жасауды жалғастыруда.

Тамара Ерлепесова, қала тұрғыны: «Мен  коммуналшылардың еңбегін құрметтеймін. Адамдар да бізде ашық жарқын мінезді. Әсіресе көктемде қала құлпырып кетеді. Қызғалдақтар жайқалғанда керемет көңіл күйде боласың. Жаның шаттанады.  Әдемі, Рахмет оларға».

Осы аптада қызғалдақ баданасын жинау жұмысы Д. Қонаев даңғылында жалғасады. Олардың орнына жолдың жиегінде біржылдық гүлдердің көшеттері жайғасатын болады.

Шынар Оразова