Шымкенттегі даулы веложол қалыпқа келтірілді

0

Шымкентте көптің талқысына түскен веложол қалыпқа келтірілді. Жауапты мамандар жолды ретке келтіру үшін кеткен барлық шығын мердігер мекеменің есебінен қаралғанын айтады.

Ал құрылысы жолмен қабаттаса жүргізілген кәріз жүйесін тарту жұмыстарын кейінге қалдыруға мүмкіндік болмаған. Сондықтан сала жауаптылары ол жұмысқа рұқсат берген екен. Мамандардың сөзінше, су жаңа нысанның бұзылуына толассыз жауын-шашынның да әсері болған сыңайлы.

Еске салайық, әуежай маңындағы веложол – кәріз жүйесін жүргізу кезінде кеткен олқылық салдарынан опырылып түскен еді. Қараша айында қолданысқа берілген 4,5 шақырым нысанның 628 метрі жарамсыз күйге түскені тұрғындар арасында қызу талқыға түсіп, қатаң сынға ұшыраған еді.

 Гүлдана Дәурен