Шымкенттік пауэрлифтингшілер әлем чемпионатында 28 медаль жеңіп алды

63

Алматыда мамырдың 21-і мен 29-ы аралығында пауэрлифтингтен әлем чемпионаты өтті. 20 мемлекет қатысқан жарыстан шымкенттіктер 28 медаль жеңіп алып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізді.

Ел намысы үшін күрескендер қатарында спортты жаңадан бастағандар да, тәжірибелі спортшылар да , тіпті сегіз дүркін әлем чемпионы да бар. Чемпионатқа 16 мен 81 жас аралығындағы зілтеміршілер қатысты, соның ішінде ең үлкен қатысушы шымкенттік тұрғын болды.

Алматыда өткен Әлем чемпионатында ел намысын қорғаған спортшылар Қазақстанның әнұранын көкте шарықтатты. Солардың бірі, шымкенттік пауэрлифтингші Бақдәулет Орынбасар 2 бірдей алтын медальға қол жеткізді. Ол пауэрлифттингтің 2 категориясы бойынша қатысып, жеңіске жетуге бар күшін салған.

Бақдәулет Орынбасар, Пауэрлифтингтен алтын медаль иегері: «Жарысқа өте көп спортшылар қатысты. Бәрі де мықты пауэрлифтингшілер. Мен классикалық және экипировка түрлері бойынша 2 алтын жеңіп алдым. Екі категория бойынша қатысқан соң, күшімді барынша сақтауға тырыстым. Классикалық бағыт бойынша 180 кг, ал экипировка бойынша 152 кг зілтемір көтердім».

Ксения Хан әйелдер арасында пауэрлифтингтен сегіз дүркін әлем чемпионы атанған. Жиырма жылдан астам спортпен шұғылданған ол, үнемі чемпиондықты сақтап қалу қиын екенін айтты.

Ксения ХАН, пауэрлифтингтен алтын медаль иегері: «Әрбір чемпионат маған алға ұмтылуға, тағы да шеберлігімді шығдауға көмектеседі. Бұл спорттың бір айырмашылығы өз эмоцияңа шектеу қойып үйренесің. Сондықтан да маған дәл осы спорт түрімен шұғылданған ұнайды».

Пауэрлифтинг құрамасының аға жаттықтырушысы, 29 елдің спортшылары «кіл мықтылар атағын» сарапқа салған әлем чемпионатында биік нәтижеге жету оңай болмағанын айтады. Командалық жеңіске деген құлшыныс, Шымкентке 28 медальмен оралуға жол ашқан.

Сергей Рашидов,  аға жаттықтырушы: «Біздің командадан 28 спортшы қатысты. Барлығы да жеңіспен оралды. Олармен мақтанамын. Бізде күшті және ел намысын биік қоятын команда бар. Жігіттер спортқа үлкен жауапкершілікпен қарайды. Біздің командада қатысушының ең кішісі 16 жаста, ал ең үлкені Тәліпбек Әлжанов 81 жаста, ол да шымкенттік тұрғын».

Спортпен айналысу ешқашан кеш емес дейді 81 жастағы Тәліпбек Әлжанов. Ол спорттық мансабын 50 жасында бастаған.

Тәліпбек Әлжанов, спортшы: «Мен 10 дүркін Азия чемпионмын, Кубок Азияның 3 дүркін күміс жүлдегерімін. Ешқашан әлем чемпионы болған емеспін, міне ол атаққа да қол жеткіздім. Үздіксіз жаттығу мен бапкер еңбегінің нәтижесінде осындай жетістікке жетіп отырмын».

Бұл жетістік, айтулы спортшылардың Қазақстан қоржынына қосар соңғы жеңісі емес. Ауыр атлеттерді алда Ыстамбұлда өтетін пауэрлифтингтен әлем чемпионаты күтіп тұр.

Әсел Мәлік