Úı ANONS Мыңнан астам шымкенттік заңгерлік көмекке жүгінді

Мыңнан астам шымкенттік заңгерлік көмекке жүгінді

Еліміздің барлық өңірінде өткен «Халық заңгері» республикалық акциясы шымкенттіктерге де мүмкіндік сыйлады. Тұрғындар отбасылық, еңбек, жер және азаматтық құқық салалары бойынша тегін кеңес алды. Толығырақ, іс-шараға қатысып қайтқан әріптесім Әсел Мәлік айтып береді.

Бәйдібектен көшіп келген отбасы қалаға қоныстану үшін Достық шағынауданынан жер телімін сатып алған. Басында жердің иесі барлық құжатты көрсетіп, сатып алушының атына рәсімдеп берген екен. Алайда арада біраз уақыт өткен соң, учаскенің заңсыз берілгені анықталып, оны сатқан адамдар сотталып кеткен. Ал жерді адал сатып алған тұрғындардың құжаттары жарамсыз деп танылған. Енді олар не жерсіз, не ақшасыз қалып, кімнен көмек сұрарын білмей дал.

Әлібек Шыналиев, Бәйдібек ауданының тұрғыны: «Екі көлік беріп  жер алған ғой Қаратау ХҚКО. Жердің госактісі бар, печаты бар, тағы 1 әйелдің печаты бар. Соған  сеніп, 2 машинаны беріп жібергенбіз. Кейін  сотталып кетті. Қаратау аудандық ПД-да тергелді. Бізді сотқа шақырмады, соттап жіберді. Біз далада қалдық. 50 шақты адамбыз. Мына кісілер де біліп отыр оны».

Жер қатынастары басқармасындағылар мұндай жағдайға тап болғандар саны аз емес екенін айтады. Кейбірінің меншігі тексеріс нәтижесінде қайта қалпына келтірілген. Сол себепті, «Халық заңгері» акциясына келген тұрғындарға нақты құқықтық кеңес беріліп, мекемеге келіп мәселені жеке қарау ұсынылған.

Нұртаза Зайыров, Жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы: «Шыналиев Әлібек деген кісі Достық мөлтек ауданындағы жұбайының атындағы жер уческесіне әкімдік тарапынан берілген қаулының күші жойылуына қатысты кеңес сұрады. Аталған қаулыларды зерделеу мақсатында ол азаматты дүйсенбі күні жер қатынастары басқармасынынң ғимаратына шақырып сол даулы қаулы бойынша шешімді көтеріп, қандай негізде күші жойылған немесе сол қаулының бір бөлігіне қатысты қайта қалпына келтірілген жағдайы бар. Соны зерделеп барып тиісті  нақты жауап берілетіні туралы жауап берілді»

«Халық заңгері» республикалық акциясына барлық басқарма мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Олар қала тұрғындарына тегін құқықтық кеңес беріп, туындаған мәселесінің шешімін табуға көмектесті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараға жекеменшік заңгерлер мен сот орындаушылары да шақырылған.

Бекжан Құлатаев, Шымкент қалаалық прокуратура басқармасы бастығының орынбасары: «Қала прокуратурасының ұйымдастыруымен барлық мемлекеттік, жергілікті атқарушы, танымал адвокаттар, нотаруистер, сот орындаушылардың қатысуымен бүгін халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, тегін консультация беру мақсатында арнайы «Халық заңгері» акциясы өтіп жатыр. Бұл акция заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету мақсатында өтіп жатыр».

Акция барысында мыңнан астам қала тұрғыны отбасылық, еңбек, жер, азаматтық және әкімшілік құқық салалары бойынша білікті мамандардан тегін кеңес алды. Сондай-ақ, азаматтарға өз құқықтарын қорғау жолдары, мемлекеттік органдарға жүгіну тәртібі және тегін заң көмегін алу мүмкіндіктері түсіндірілді.

Әсел Мәлік