Ата Заңның үштен бір бөлігіне толықтырулар мен өзгерістер енгізіледі. 5 маусымға жоспарланып отырған референдумда ҚР Конституциясының 33 бабына 56 түзету енгізіледі. Референдум бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу мақсатында 11 мамырдан бастап барлық аймақта арнайы топ құрылған еді. Бүгін Шымкент қалалық қоғамдық штаб мүшелері референдум бойынша 1 аптада атқарылған жұмыс пен аралық есебін ұсынды.
Суперпрезиденттік басқару болмайды. Мемлекет басшысының лауазымы оның туыстарына ешқандай артықшылық бермейді. Өлім жазасы алынып тасталады. Осы секілді 33 бапқа 56 түзету енгізіледі. Ал 2 бөлімнің атауы өзгереді. ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдум жобасы қысқаша осылай.
Шымкент қаласы бойынша құрылған қоғамдық штаб мүшесі Бауыржан Әлтеев үшінші мегаполис тұрғындарына белсенді түрде түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтады. Сөзінше, жергілікті халық 5 маусым күні болатын референдумға «қатысуға асық».
Бауыржан Әлтеев, ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдумның Шымкент қаласы бойынша қоғамдық штаб мүшесі: «Халық жалпы референдум туралы біледі. Оған ынталы және барамыз деген бізге сөзін беріп отыр. Осы референдумға қатысты көптеген мекемелерді базарларды аралап жүргенде халық барамыз деп жатыр».
18 жасқа толған Қазақстан азаматының барлығы ұлтына және нәсіліне қарамастан, референдумға қатыса алады. Біз осы тұста жоспарланып отырған республикалық референдумға атсалысу туралы мегаполис тұрғындарының пікірін білдік.
Референдумға қатысты түсіндірме жұмыстарын жүргізу үшін құрылған қалалық қоғамдық штабқа 22 адам мүшелік етеді. Олар 3 топқа бөлініп жұмыс істейді. 11-і мен 17 мамыр аралығында штаб 36 мекемеге түсіндірме жұмысын жүргізген. Яғни, шамамен 12 мыңға жуық адамға республикалық референдум туралы ақпарат берілген.
Нұргүл Қобланова, ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдумның Шымкент қаласы бойынша қоғамдық штаб мүшесі: «Осы уақытқа дейін 36 мекемеге түсіндірме жұмысы жүргізілді. Қазіргі таңда біздің қоғамдық штаб 3 топқа бөлініп, түске дейін түске дейін 2 кезекте жұмыс істеп жатыр. Құрамыы 22 адамнан тұрады. Зиялы қауым өкілдері бар. Үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр қазіргі таңда».
Қызығы, дауыс беру кезінде өзгеріске келісемін немесе жоқ деген екі ғана нұсқа ұсынылады. Ал біреуімен не болмаса басым бөлігімен келіспеген жағдайда басқа нұсқа ұсынылмайды.
Айта кетейік, ҚР Конституциясына өзгерістер енгізу туралы жалпыхалықтық референдум тарихымызда екінші рет өтеді. Ата Заң бұған дейін 1995 жылы 30 тамызда халық дауысына салынған еді. Егер заңды өзгерту жоспары жүзеге асса, Президенттің өкілеттігі қысқарып, Парламент пен мәслихаттардың рөлі күшейеді. Сондай-ақ, Конституциялық сот құрылады.
Гүлдана Дәурен