Жер телімін тек туыстарына үлестірген бе?

175

Түркістан облысында 5 ауылдың жайылым жері аудандағы ірі шенеуніктің туыстарына беріліп кеткен сыңайлы. Тұрғындардың айтуынша кезінде жер үлесі ретінде берілген телімдер Сарыағаш ауданының жер қорына деп алынып, оны аудан әкімі орынбасарының туыстары 49 жылға жалға алыпты. Ол аздай ат шаптырым алқапты айналдыра қазып тастаған. Ал, ауылда тұрып мал жаятын жер жоқ дегендер енді бай-бағландар алып қойған аумақты қайтара алмай жүр.

Сарыағаш ауданындағы Құрсай, Тасқұдық, Сарысу, Қарақалпақ пен Шәйхана ауылдарында мал жаятын жер жоқ. Сондықтан, төрт түлік ауыл ішінде жайылады. Себебі, ауылдың дәл іргесіндегі жерлер жекеменшіктің қолына өтіп кеткен.

Кезіндегі жайылым жерге егін салғандар болса оны айналдыра қоршап алған. Ал, ауыл маңындағы онсызда тар жайылым енді екі-үш айдан кейін мүлдем тақырға айналады. Малын тойдыру үшін жұрт амалсыз жем-шөп сатып алуға мәжбүр. 5 ауылдың жұрты бұл туралы аудан басшыларына дейін бірнеше рет айтқан. Алайда, әзірге еш нәтиже жоқ.

Көкұлы Шерімбетов, Сарыағаш ауданының тұрғыны: «90 пайызы жұмыссыз. Енді біздегі жұмыс көзі жоқ, мал асырайын десе жайылым жоқ. Осынша халыққа 220-ақ гектар жайылым бар. Соған жаңа көрдіңіздер малды ауыл арасында жайып отырмыз. Е жұмыс жоқ, е мал асырайтын табыс көзі жоқ. Халық қиналып отыр. Негізгі егістіктің жердің өзі 6 мың гектар еді, бір 2 мың гектардай жайылым бар еді, оны әркім-әркім үлестіріп алып қойған».

Колхоз, совхоз тарағанда әр отбасына егістік пен жайылымға деп 15 гектардан жер берілген екен. Бірақ, екі мыңыншы жылдары жер аудан қорына алынып, кейін бай-бағландарға өткен деседі. Ал ең қызығы, жерді иемденгеннің бәрі аудан әкімі орынбасарының туысы дейді.

Оңалбай Ибрагимов, Сарыағаш ауданының тұрғыны: «Ол жер негізінен халықтың үлесіндегі жерді қазіргі ауданның әкім орынбасары Нұрболат Тәліповтың туысқандарының жекеменшігінде кеткен. 2 мың гектар сол кісілердің қолында қазір. Қарапайым халықтың жері. Егістік және жайылым жер. Ол бізге бөлінген жер. Ал, бізге әкімшілікке алдап келген осы жер күйді, мына қағаз жүрмейді деп. Заң жүзінде ол қағаз жүретін болып жатыр.
– Ол алған жекеменшіктің ауылға қандай қатысы бар?
– Ешқандай қатысы жоқ, бұл ауылда тұрмаған».

«Жер телімдерін туыстарына бөліп берді» дегенді естіп тұрғындармен кездесуге әкім орынбасары да келді. Нұрболат Тәліповтың айтуынша, туыстарының жер алғаны рас екен. Бірақ, олар егін егіп, көпшілікке жұмыс тауып беріп жатыр дегенді алға тартады. Ал, жердің беріліп кеткеніне оның қызметінің қатысы жоқ дейді.

Нұрболат Тәліпов, Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары: «Бұның бәрі бекер сөз. Мұны айтар болсам ол жерлерде туысқандары ол кісілерді танимын, расымен. Ол кісілер мен енді ол аудан әкімі болып бұрыннан істеп келе жатқан жоқпын ғой, кеше ғана келіп енді осы бір 10-15 жыл ішінде істеп жатырмын. Олардың алғанына мен басқа салада істеп жүрген кезімде алынған 2005-2004 жылдары алынған бұл жерлер».

Дегенмен, жұрт айыптаған шенеунік ауданда бір жарым миллион гектар жер тапшылығы бар екенін мойындап отыр. Бірақ, ауыл іргесіндегі жалға кеткен жерлерді қайтарсақ жекеменшіктің құқын таптаймыз дейді. Ал, әкімдерден қайран жоқ деген 5 ауылдың жұрты енді сотқа жүгінеміз деп отыр.

Гүлдана Дәурен