Шымкентте қант бағасы 480-530 теңге аралығында саудалануда. Жауаптылардың айтуынша, әзірге алып-сатарлықты азайту мақсатында шектеу бар. Яғни, әр адамға тек 1 келіден ғана алуға рұқсат етілген. Жалпы мегаполистің қант қоры қанша уақытқа жетеді? Тұрғындар құмшекер бағасы бойынша кімге шағым білдіре алады?
Шымкентте қанттың көтерме бағасы 460 теңге. Ал халыққа 15% үстеме бағасын қосқанда, 530 теңгеден саудалануда. Осылай деген қалалық ауыл шаруашылық басқармасындағылардың айтуынша мегаполисте құмшекер бағасын тұрақтандыру бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Ал қор бір айға жеткілікті.
Қайрат Базарбеков, Шымкент қаласы ауыл шаруашылық және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары: «Біздің өтінімге сәйкес 6 базарға күнделікті 15-18 тонна арасында қант беріліп жатыр. Ірі базарға 3 тонна, орта базарға 2 тонна. Өндіруші баға 460 теңгеден. Мынау сауда қызметін реттеу туралы заңымызға сәйкес әр тауардың сауда үстемесі 15 пайыздан аспау керек. Яғни, 529 тг көлемінде сатылу қажет. «Айна», «Алаш», «Жібек жол», «Қырғы базар», «Көктем», «Қапланбек базары». Бұлар қаланың әр аумағында орналасқан базарлар. Осылардан сатып алу мүмкіндігі қарастырылған».
Сондай-ақ, «Магнум» мен «Грамад» сауда үйінде де баға тұрақты. Көз жеткізу үшін әлеуметтік маңызы бар тауар сөрелері бар дүкенге арнайы барып көрдік.
«Мұнда жалпы қант бағасы 530 теңгеден сатылып жатыр. Бірақ бір шектеу бар. Яғни, бір адам тек 1 келі ғана алуына боалды».
«Грамад» сауда үйінде әлеуметтік маңызы бар тауар сөресінде де қант кездестіруге болады. Мұнда шекердің бағасы 480 тг-ге саудалануда. Қайсысын алсаңыз да өз еркіңіз. Бірақ, шектеу бір.
Зияда Тузелова, сатушы: «Бір адамға бір келіден. Бірақ бізде қант жеткілікті. Бізде бар. Біз таратып беріп жатырмыз.
-Кешке дейін жетпей қалатын кездер бола ма?
-Жоқ, бізде ондай болмайды. Бізде үнемі бар».
Сауда үйіне келген әрбір азамат қант алмай шықпайды. Барлығының қолында кем дегенде 1 келі құмшекер бар. Өйткені, кейбір дүкендерде қант бағасы қымбат көрінеді.
«Мен «Акбар» базардан 780 теңгеге алдым. Үй жақтағы магазиндерде 700-800 теңге аралығында. Көршімнен естіп «Грамадқа» келдім».
«Мұнда 530 тг алдым. Магазиннен 780 теңгеге алып едім. Бірақ 1 келі ғана алуға болады екен»,-дейді тұрғындар.
Егер сіз де құмшекердің бекітілген бағадан қымбат сатылып жатқанын көрсеңіз, тиісті орынға арыз-шағым қалдыруыңызға әбден болады.
Ол үшін қала әкімдігінің 109 байланыс желісі мен ауылшаруашылық басқармасының жедел телефон желісі жұмыс істейді. Хабарласып, фото-видео, чек арқылы өз арызыңызды жолдауыңызға мүмкіндік бар. Әрі қарай мамандар бағаны қолдан көтерген кәсіпкерлерге тиісті шара қолданады.
Жедел желі: 8 7252 24-71-41
Мөлдір Ибадуллаева