«Изуми» сауда орталығы ерекш балаларға сый жасады

1

«Изуми» сауда үйінің қызметкерлері кезекті қайырымдылық акциясын өткізді. Олар, психикалық денсаулық орталығында оңалтудан өтіп жатқан балаларға сыйлықтар табыс етті.

Нақтырақ айтқанда, балаларға ақыл-ойды дамытуға арналған ойыншықтар, жиһаз және психикалық денсаулықты қалпына келтіруге қажетті басқа да құрал-жабдықтар сыйға берілді. Мұндай қайырымдылық акциялары сауда үйінде бірнеше жыл қатарынан жалғасқан жақсы дәстүрге айналған.

22 жыл бойы қайырымдылық акцияларын өткізу «Изуми» сауда үйінің төлқұжатына айналғандай. Олар ізгі ниетпен ондаған медициналық және балаларға арналған мекемелерде болды. Әрбір сыйлық балаларға қызықты ғана емес, сонымен қатар пайдалы етіп таңдап алынған. Бұл жолы сауда үйінің қызметкерлері психикалық денсаулық орталығының балаларын қуантты.

Надежда Гаврилина, Изуми сауда үйі кеңсесінің әкімшісі: «Аталған қайырымдылық акциясы балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылды. Біз осы мекемеге 2-ші рет келіп отырмыз. Жалпы балалар үйіне ай сайын көмек көрсетуді жоспарлап отырмыз, өйткені балалар біздің болашағымыз. Біз барлық клиенттерімізді осы маңызды игі іске, акцияға қосылуға шақырамыз».

Бүгінде психикалық денсаулық орталығында аутизмі бар, психикалық дамуы тежелген, сөйлеу және кеңістікте бағдарлану проблемасы бар 200-ден астам бала оңалтудан өтіп жатыр. Орталық мамандары «ерекше балалар» ерекше назар аударуды қажет етеді дейді. Ал бұл жағдайда демеушілердің көмегі өте маңызды.

Оксана Мерковская, психикалық денсаулық орталығының бөлім меңгерушісі: «Бүгінгі таңда бізде бір ғана демеуші бар, бұл – Изуми сауда үйі, олар бізге көмек көрсетті. Изуми бізге осы керемет жиһазды сыйлады. Бұл жаңа жыл қарсаңында болған еді. Одан кейін қызметкерлер бізге үлкен шырша мен балаларға сыйлықтар әкеліп берді. Бұл балалардың ақыл-ойын дамытуға арналған құрал-жабдықтар болды. Бүгін олар екінші рет көмек көрсетіп отыр, біз сауда үйіне үлкен алғыс білдіреміз».

Изуми сауда орталығының қызметкерлері балаларға тауар сатудан түскен табыстан көмек көрсетеміз дейді. Сондықтан дүкенге келген әрбір тұтынушы қайырымдылық акциясына қатысып жатыр деуге негіз бар. Изуми сауда үйі мұқтаж жандарға ай сайын жәрдем көрсетуді жоспарлап отыр.

Гүлдана Дәурен