Үшінші мегаполисте қала күніне орай бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтіп жатыр. «Мүмкіндіктер алаңы» аталатын жәрмеңкеде 100-ге жуық мекеме 5000-ға жуық жұмыс орнын ұсынған. Сондай-ақ, іс-шараға солтүстік, шығыс өңірлерден де жұмыс берушілер арнайы қатысып, бос жұмыс орындарын ұсынды. Ұйымдастырушылардың сөзінше, ұсынылып отырған қызметтердің басым бөлігі — техникалық мамандықтар.
23 жастағы Фируза Құдайберген бүгінгі жәрмеңкеге жұмыс іздеп келіпті. Медицина саласында білім алып жүрген бойжеткен, оқуы аяқталғанша мейірбике болсам дейді. Бойжеткен жәрмеңкеде қалалық медмекелердің ұсынысын қарап, тұрақты жұмыс табатынына сенімді.
Ал Әйгерім Талапбек қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын бітірген. Бойжеткен осы салада 3 жылдан бері әртүрлі білім беру ұйымдарында жұмыс істеген екен. Дегенмен, қазір басқа мекемеде қызмет етіп жүрген ару жәрмеңкеге мектепке қайта ауысу мүмкіндігін іздеп келіпті.
Әйгерім Талапбек, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мен мектепте жұмыс істегім келіп жатыр, қазіргі уақытта мен басқа жақта жұмыс жасаймын. Өз мамандығым бойынша мектептен сағат алғым келіп жатыр, сол себептен бүгінгі жәрмеңкеге келіп отырмын. Мектепке балалармен көп жұмыс жасап үйренгім келгендіктен барғым келеді. Колледждегі жұмыс жақсы әрине, дегенмен жас болғандықтан тәжірибе жинау керек. Мен минималды 300 мың теңге жалақы алғым келеді».
Қазақстанның әр өңірленен келген жұмыс берушілер арасында Қарағандылықтар да бар. Оларды ұйымдастырушылар қала күніне орай ұйымдастырылып отырған жәрмеңкеге арнайы шақырған. Төлеу Мұхтар Қарағанды облысындағы 3 аудан мен 1 қаладан 207 бос жұмыс орнына қызметкер керек екенін айтады.
Төлеу Мұхтар, Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары: «Жалпы облыс бойынша біз 207 бос жұмыс орындарын әкеліп отырмыз осы жәрмеңкеге. Негізгі мамандықтар — ауыл шаруашылығы, механизаторлар, ауылшаруашылық техникасын жүргізушілер, ветеринар, сондай-ақ, ауылды жерлерде дәрігерлер қажет. Бізде мемлекеттік бағдарлама бойынша қоныс аударуға көмек беріледі. Бір реттік қаржы беріледі, үй жалдауға 30 АЕК ай сайын бір жылдың ішінде көмек көрсетіледі».
Іс-шараға арнайы қатысқан қала басшысы, бұл жәрмеңке әрбір жұмыссыз жүрген жандарға бірден-бір мүмкіндік екенін айтты.
«Мүмкіндіктер алаңы» аталатын жәрмеңкеге 100-ге жуық мекемеден шамамен 5000 бос жұмыс орны ұсынылған. Сонымен қатар, бұл жолғы ерекшелік — мұнда өзге өңірлерге қоныс аудару жобасы да бар. Сол себепті де, Шымкентке 6 облыстан делегаттар келіп жұмыс орнын ұсынып отыр.
Балмаржан Нарбекова, Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы: «Жалпы 100 — ге жуық мекемеден 5000 мыңға жуық жәрмеңкеден орын ұсынылуда. Кеше 1000 азамат консультация алған. Биылғы жылға біз 58 мың адамды жұмыспен қамтиды десек, соның 55% ын жастарды қамтиды деген жоспарымыз бар. Сіздер білесіздер жастар бұл қоғамның қозғаушы күші. Бұл драйвер. Біз бар мүмкіндігінше бар күшімізді жастарға салудамыз».
Үшінші мегаполисте жыл басынан бері бос жұмыс орындар жәрмеңкесі бірнеше рет ұйымдастырылды. Нәтижесінде 1375 адам жұмысқа тұрып, оның 900-ге жуығы тұрақты жұмыспен қамтылған. Іс-шарада тұрақты жұмыспен қатар, қала тұрғындарына «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісім-шарты», «Күміс жас» және т.б. бағдарламалар бойынша уақытша жұмыс орындары ұсынылды.
Жалпы Шымкентте жыл басынан бері Ұлттық жоба шеңберінде 7 мыңнан тұрғын астам жұмыспен қамту шараларына қатысқан.
Гүлдана Дәурен