«Көрме» орталығына келген халықтың қарасы көп. Мұнда үлкен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтіп жатыр. Қаладағы 100-ден аса жұмыс беруші келіп, өз талаптарын қойды. Жұмыс ізденушілерге шамамен 2 мыңға жуық жұмыс орны ұсынылған. Сонымен бірге Еңбек мобильдігі орталығының мамандары да жұмыспен қамту мүмкіндіктерін таныстырды. Олар 227 ұйымнан 1 500 орын ұсынып отыр. Яғни бүгін жұмыс іздеушілер үшін таңдау өте үлкен.
Мақсат Мұратұлы, Еңбек мобильдік орталығының директоры: «Бұл жерде бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ғана емес, сонымен қатар, биылғы жылы мемлекеттен қайтарымсыз грант алған азаматтар шақыртылды. 60 азамат келіп, қазір қарасаңыздар өздерінің шығарып жатқан заттарын көрмеге алып келді».
Шағын кәсіпкерлікті дамытуды көздеген қайтарымсыз грантты жеңіп алғандардың бірі Рамиля Түктібаева. Тігін саласында 4 жылдан аса қызмет етіп келе жатқан ісмер мемлекеттен берілген көмек кәсібін кеңейтуге үлкен септігін тигізгенін айтады. Жалғыз өзі бастаған кәсіпті кеңейту үшін қосымша жұмысшылар алған.
Рамиля Түктібаева, кәсіпкер: «Тігін саласымен айналысамын. Үйге арналған жабдықтармен көбінесе жұмыс істейміз. Барлығы перде, чехол деген сияқты. Және қазір қасыма тағы екі адам алдым. Маған бұл жұмыс ұнайды. Өзім бастағанмын. Қазір адамдар алып жақсы үлкейіп жатырмыз».
Аймақта жұмыссыздық деңгейі айтарлықтай төмендеп келеді, бұған Еңбек мобильділігі орталығының бекітілген жұмыс жоспары ішінара ықпал етеді. Оған сәйкес, мансап орталықтары әр апта сайын шалғай елді мекендерде жергілікті жұмыс берушілердің қатысуымен жәрмеңкелер өткізеді. Мақсат — тұрғындарға қала орталығына бармай-ақ үйлеріне жақын жердегі кәсіпорындарда жұмыс табуына мүмкіндік беру.
Айта кетейік, тұрғындарды жұмыспен қамту мақсатында ұйымдастырылған жәрмеңкеде мүмкіндігі шектеулі жандар да назардан тыс қалмайды. Биылдан бастап 961 адам жұмысқа орналастырылды. Сондай-ақ, 48 адам пробациядан, 16 адам абақтыдан шыққаннан кейін жұмысқа кірісті.
Ботакөз Әнуар






