Қала күніне орай оқушылар арасында «Қайырымды қала құшағында» атты қылқалам шеберлерінің сурет байқауы өтті. Сайысқа мегаполистегі 20 жас суретші қатысты. Дарынды оқушылар қаламыздың көзтартарлық орындарын қағаз бетіне бейнеледі.
Көздің жауын алатын бұл компазиция шымкенттік жас суретші Аружан Қалмырзаның қолынан шыққан. Шырайлы Шымкенттің ажарын ашатын мәдени орындар бейнеленген туынды бүгінгі «Қайырымды қала құшағында» атты қылқалам шеберлерінің сурет байқауында өз көрермендерін тапты. Айта кетейік, бұл көрмеге қала мектеп оқушылары арасынан 20 суретші қатыстып отыр.
Аружан Қалмырза, суретші: «Бұл суретте өзіміздің Шымкенттің керемет жерлерін көрсетуге тырыстым. Мен осы көріп тұрғандарыңыздай жарық түстерді көп қолдандым. Біздің Шымкенттің қаншалықты ыстық, жарқын, мейірімді екенін көрсеткім келді. Бұл жерде қызғалдақ, Арбаттағы періштені таңдадым, әртүрлі кесенелерді қолдандым. Бұлар шымкенттің ең керемет деп білетін жерлері».
Қала күніне орай ұйымдастырылып жатқан жарысқа 5 кітапхананың оқырмандары қатысты. Талғамы таудай жас суретшілер 1 сағат ішінде мегаполистің көрікті де мәдени орындарын қағаз бетіне бейнелеу керек. Ал қылқалам шеберлерінің көркем туындысына суретшілер мен жазушылар одағының мүшелері төрелік етті.
Әбдумүтәліп Ахметов, ҚР Суретшілер одағының Шымкент қалалық филиалы төрағасы: «Қала күніне арналған мына біздің қала қонақтарына, жасөспірім суретшілерге керемет күн. Біздің бағалайтынымыз олардың сурет салғандағы қабілетін көрсетуі, қаланың керемет жерлерін көрсетуі. Сондай ақ гуашпен немесе акварельді қалай қолдана алатынына қарай бағалаймыз».
Шара барысында, сайысқа қатысушылар сурет салып болғанша кішкентай өнерпаздар ән-жырдан шашу шашты. Алғаш рет ұйымдастырылып отырған бұл байқау «балалардың эстетикалық қабілетін шыңдауға бағытталған» дейді ұйымдастырушылар.
Динара Тұрсынқұлова, Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының бас маманы: «Шараның мақсаты — балалардың бос уақыттарын тиімді пайдалану, жас дарындарды ынталандыру. Олардың жұмысын алға баулу мақсатында осындай іс шаралар ұйымдастырылып жатыр. Тақырып Шымкент қаласының суретін салу болғандықтан олар өздері таңдайды Шымкенттің қай жерін салу керектігін. Суреттері тақырыпқа сай болса болды».
Жарыста өз шеберлігін көрсетіп, ерекше идеясымен көзге түскен жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар табысталды. Айта кетер болсақ 1 орынды еншілеген Арайлым Жұматоваға 50 мың теңге, 2 орын алған Ерен Жұматқа 30 мың, ал 3 орынға табан тіреген Нұрила Амангелдіге 20 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлықтар табыс етілді.
Әсел Мәлік