«Қарияға қамқорлық»: 25 жалғызілікті азамат арнайы орталыққа барады

41

Шымкентте құрмет демалысына шаққан азаматтарға тегін дәрігерлік көмек алып, спортпен шұғылдануына мүмкіндік бар. Ондай жаңдайды Белсенді өмір сүру орталығы жасап отыр. Онда күніне 25 жалғызілікті қария 8 сағат бойы тынығып, денсаулығын қалыпқа келтіре алады.

Шымкентте 83 мыңнан аса зейнеткер бар. Солардың ішінде 570-ке жуығы жалғызілікті қария. Орталыққа келіп, ем алып жатқан 68 жастағы Күміскүл Тұрсынбекова мұндай оңалту орындарының барына дән риза. Ол мұнда келіп тоқыма тоқып, сурет салуды үйреніп жүр екен.

Күміскүл Тұрсынбекова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Осы жерде жүріп естідім. Емханада жүргенде айтты өмірді ұзартатын орталық бар екенін. Сол жерде естіп адасып жүріп іздеп келдім. Менде сол буындар ауыратын, аяқ, бел, зорға жүріп, зорға тұрамыз. Таяқпен келіп едік, түрлі жаттығулар жасап таяғымызды тастадық. Бәрі де солай келді. Осы орталыққа сондықтан ризамыз».

Бұл орталық жасы келген тұрғындарға жаңа тыныс қана сыйлап қоймай, жаңа таныстар да тауып береді. Мысалы жалғызбасты 76 жасар қария Жеңісбек Манабаев пен 63 жастағы Сабира Қарабаева осы жерде танысып шаңырақ котерген.

Жеңісбек Манабаев,  Шымкент қаласының тұрғыны: «Былтыр қыркүйек айында осында келіп тіркелдім. Осында емделіп жүргенде желтоқсан айында мұнда осы кісі келді. Қарасам менің жолдасыма қатты ұқсайды екен. Бір-бірімізді танысып, білісіп қазір бірге тұрып жатырмыз. Бір бірімізді толық таныған соң барып некемізді қидырдық».

Белсенді ұзақ өмір орталығы қарияларға 27 түрлі қызмет көрсетеді. Кез келген зейнеткер бұл мекемеде тегін демалып, дәрігерлерге қаралып, денсаулығын жақсарта алады. Сонымен қатар, 1 ай бойы шахмат, биллярд, үстел теннисі сынды түрлі ми тынықтыратын ойындар ойнап, психологтармен жұмыс жасайды.

Мауия Алданазарова, «Белсенді ұзақ өмір» орталығының басшысы: «Орталықтың ең басты маңыздылығы – зейнеткерлік жасқа толғандардың үйде отырып қалмай, қоғамға қажеттілігін түйсіндіру. Бұл кісілердің бұл өмірдегі бар білетінін ары қарай жалғастырып, әрі қарай жас мамандарға таныстырып, олардың біздің елімізге, қоғамға қажеттілігін көрсету».

Орталық есігі тынығам деуші зейнеткердің бәріне айқара ашық. Зейнет демалысын пайдалы әрі қызықты етіп өткізгісі келетін кез келген қала тұрғыны мекеме қызметін пайдалана алады.

Әсел Мәлік