Шымкентке 12 шетелдік бақылаушы келді

46

Бүгін Қазақстан халқы тарихи таңдауын жасайды. Елімізде жалпыхалықтық референдум басталды. Шымкент қаласында жалпы саны 311 дауыс беру учаскесі бар. Олар таңғы сағат 07:00-ден бастап жұмыс істеп жатыр. Қаладағы кейбір учаскелерде алғашқы дауыс берген сайлаушыларға сыйлық берілуде.

Тұрғындар барлық түзетулерге бір ғана жауап бере алады. Дауыс берушілерге «келісемін» немесе «жоқ» деген екі нұсқа ұсынылған. Халықтың 50% қатысқанда ғана референдум өткізілді деп танылады. Референдумға қатысушылардың 50% – дан астамы «келісемін» деп дауыс берген жағдайда ғана түзетулер қабылданады.

Ерекше адамдарға арналған дауыс беру орындары.  Шымкенттегі №231 сайлау учаскесінде мүмкіндігі шектеулі жандар сенімді тұлғаның көмегімен дауыс бере алатынын айтты.

Үстелде:

1. Үлкейткіш әйнек.
2. Көру қабілеті нашар адамдарға арналған құрал.
3. Құлаққап.
4. Мүмкіндігі шектеулі сайлаушыларға арналған жадынама.

Еркебұлан Құдайбергенов, Шымкент қаласының тұрғыны: «Біз жарқын болашаққа сенеміз. Ұлымның болашағы үшін дауыс бердім. Ешқандай жасырын емес, «келісемін» деген нұсқаны таңдадым. Жаңа Қазақстаннан үлкен серпіліс күтеміз».

Үшінші мегаполис әкімі Мұрат Әйтенов №231  учаскеде референдумға өз дауысын берді.

Қалалық референдум комиссиясының төрағасы Шымкентте референдумға қатысушылардың белсенді екенін айтты.

Қайырбек Құнанбаев, Шымкент қалалық референдум комиссиясының төрағасы: «Шымкент қаласы бойынша 311 учаске бар, барлығында мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті құралдар бар. Таңнан бері тұрғындардың қатысуы жоғары деңгейде. Учаскелер кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Шымкентке 12 шетелдік байқаушы келді».

Гүлдана Дәурен