Шымкентте 5 шақырымдық жаппай жүгіру шарасы өтті

0

Шымкентте қала күніне орай 5 шақырымдық жаппай жүгіру іс-шарасы өтті. Марафонға шамамен 500-ден аса мегаполис тұрғыны қатысты. Жалпы, қалалық спорт басқармасындағылардың айтуынша, жалпықалалық бұқаралық жүгіру толығымен демеушілер есебінен ұйымдастырылған.

Таңмен таласа оянып жүгіруге келген қарапайым жұрттың арасында әлем чемпиондары да бар. Спортшылар қала күніне орай ұйымдастырылған жаппай жүгіруде тұрғындарға қолдау білдіруге келіпті.

Біржан Жақыпов, ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері: «Мен өзім жүгіру марафондарын қалдырмаймын. Бүгін де таңертең тұрып, қала тұрғындарымен бірге жүгіруге келдім. Спорт-салауатты өмір кепілі. Спортпен шұғылданайық».

Шымкенттіктер қала күніне орай 5 шақырым жолды жүгіріп өтуде. Марафон қатысушылары жүгіріс алаңынан сәлем жолдап, үшінші мегаполисті туған күнімен құттықтады.

Жалпы спортшылар берілген жолды 40 минутта жүгіріп өтуі қажет болған. Алайда алғаш болып финишке жеткен Азизхан бұл шыңды небәрі 15 минут 58 секундта бағындарыпты.

«Көңіл-күйім өте керемет болды. Шынында спортты жақсы көретін қызығушылар қатары көбейіп келеді екен. Финишке алғаш болып мен келдім. Шамамен 30-50 секундттан кейін өзгелері келе бастады. Өте керемет шара болды. Рақмет»,-дейді Азизхан Камильжанов.

Қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасындағылардың айтуынша, көптің көңілінен шыққан жаппай жүгіруге бюджет қаражатынан бірде-бір ақша бөлінбеген. Шара 100 пайыз демеушілердің есебінен ұйымдастырылыпты.

Ермек Дәрменов, Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқарма басшысының муа: «Ең басты мақсатымыз бірінші, екінші орынды анықтау емес. Мұндағы жүгіруге қатысқан әрбір шымкенттік бұқаралық спорттың дамуына үлес қосуда. Әрі бұл жерде жүлде қоры деген жоқ. Барлық қатысушыларға естелік марапаттар табысталды. Әрі арнайы қала күнінне орай 500 медаль дайындалды. Бірақ қатысушылар саны одан да көп болды. Бұл, әрине, қуантарлық жайт».

Ермек Дәрменов жыл сайын жаппай жүгіру марафонын үрдіске айналдыру жоспарда бар екенін айтты. Өйткені, спортқа қызығушылар қатары күн санап көбейіп келеді. Мұны жаппай жүгіруге 500-ден аса азаматтың қатысқанынан-ақ аңғаруға болады.

                                                                                          Мөлдір Ибадуллаева