«Шымкенттің шырайы – Шәмші» мерекелік концертіне өтті

96

Шымкент қаласының көркейюіне үлес қосқан азаматтар арнайы төс белгімен марапатталды. Қала күніне орай ұйымдастырылған салтанатты шараға жиналғандарды мегаполис басшысы атаулы мерекемен құттықтап, он азаматқа қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы барысында жасаған ерен еңбегі үшін «Шымкенттің құрметті азаматы» атағын табыс етті.

Бүгінгі шарада, жасаған ерен еңбегі еленіп, зор мәртебеге ие болып отырғандардың бірі – Асқар Ақшаев. Құрметті азамат -Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагері. Ол қызмет барысында жеті облыстық, екі қалалық, он жеті аудандық ұлттық қауіпсіздік органдарында басшылық қызметте болған. Осы кезге дейін жүзге жуық шәкірт тәрбиелеген ардагер мәртебелі атақты иеленудегі сезімімен бөлісті.

Асқар Ақшаев, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрметті ардагері: «Қала күні қарсаңында жоғары марапатқа ие болып отырғаныма мен шексіз қуаныштымын. Барлық шымкенттіктерді, жерлестерді осы қала күнімен құттықтай отырып,әр жанұяға отбасыға молшылық береке , жақсылық тілеймін».

«Шымкент қаласының құрметті азаматы» атағы ішкі істер органдарымен қоса, спорт ардагерлері, дәрігерлер, меценаттар мен ұстаздарға да берілді. Аталған төс белгіні шаһардың дамуына үлес қосқан он тұрғын иеленді. Оларды марапаттау мақсатында «Шымкенттің шырайы – Шәмші» атты мерекелік концерт ұйымдастырылды. Мегаполисті думанға бөлеген кеште еліміздің еңбек сіңірген жұлдыздары өнер көрсетті.

Дамир Жүнісов, Шымкент қалалық Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары: «Бүгінгі таңда Шымкент қаласының құрметті тұрғыны атағы он азаматқа беріліп отыр. Олар осы қаламыздың өсіп өнуіне, еліміздің өсіп өнуіне әр түрлі салаларда үлес қосқан өмірлік тәжірибесі мол азаматтар. Мынау іс шарамызға біздің еліміздің түкпір түкпірінен осы Шәмші атаның қазіргі кездегі әндерін орындаушылар келіп отыр. Оның ішінде Нұрғали Нүсіпжанов, Роза Рымбаева, Медеу Арынбаев және де басқа да жұлдыздар осы жерде қатысуда».

Мерекелік кешті тамашалауға халық көптеп жиналды. Олардың арасында қала қонақтарымен қоғамның бірқатар белсенді азаматтары бар. Өнер сүйер қауым жанды дауыста шырқалған Шәмші әндерін тыңдап, өнерпаздарға ерекше қолдау көрсетті.

Біржан Байтуов, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері,ақын: «Шәмші атамыздың әні бұл ұлттық кодымыздың, ұлттық музыкамыздың негізгі тірегі, негізгі діңгегі. Осы орайда бүгінгі өтіп жатқан іс шара қала халқының көңіл күйі көтеріңкі, жоғары дәрежеде өтіп жатыр деп ойлаймын. Жалғасын тапсын деген сенімдемін».

Қала күні -шымкенттіктер үшін айтулы мереке. Оны кең көлемде тойлауға дағдыланған тұрғындар атаулы мейрамды биыл да елеусіз қалдырған жоқ. Ерекше үлгіде тойланған дәстүрлі шара бір апта көлемінде атап өтіліп, шаһар халқыны ұмытылмас естелік сыйлады.

Аида Қарсыбайқызы