Түлкібас ауданында «Шымкентцемент» зауытының дүкені ашылды

83

Түлкібас ауданына қарасты бірнеше ауыл тұрғындары енді сапалы цементті қалаға шықпай-ақ өндіруші зауыттың бағасымен сатып ала алады. Себебі ауданда цемент сататын алғашқы фирмалық дүкен ашылды. Айта кетейік, бұл – компанияның Түркістан облысы мен Шымкент қаласында ашып отырған 10-шы дүкені.

Тұрар Рысқұлов ауылы – Түлкібас ауданындағы жылдам дамып келе жатқан белсенді ауылдардың бірі. Сондықтан аталған өңірге мамандандырылған дүкен қажет болды дейді ауыл әкімі.

Қайрат Ахметов, Майлыкент ауылдық округінің әкімі: «Біздің аймақ Жібек жолында орналасқаннан кейін құрылыс өте қарқынды дамуда. Ал цемент деген бірінші мәселе. Ол үшін шалғайдағы қалаға бармай, осы жердегі зауыттың бағасымен алған кәсіпкерлерге, құрылысшыларға өте ыңғайлы».

Цементті «Шымкентцементтен» қолжетімді бағада және Мемлекеттік стандартқа сәйкес келетін салмақ кепілдігімен тікелей сатып алуға болады. Мұндай мүмкіндікті HeidelbegCement компаниясы ұсынып отыр.

Збигнев Шишка, «Шымкентцемент» АҚ бас директоры: «Компанияның ұраны -«Цемент біздің адамдардың қолымен жасалған». HeidelbergCement, халықаралық компания, әлемдегі цемент өндірісінің көшбасшыларының бірі. Оның жұмысы жергілікті өндіріске және жергілікті жұмысшыларға бағытталған».

Ашылу салтанатында жергілікті тұрғындарға ыстық климатты өңір үшін арнайы жасалған «ЭкоЦем» цементінің жаңа маркасының бірегей қасиеттері таныстырылды. Бұл цемент сызаттарсыз сылақ жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді, сонымен қатар ол кез келген ыңғайға икемделетін қасиетке ие.

Ауыл тұрғыны Ерлан Батаев қазір жаңа үй салып жатқанын айтады. Сондықтан дүкеннің ашылуы ол үшін екі есе қуанышты жаңалық. Себебі енді ол сапалы цементті қолжетімді бағамен сатып ала алады, ал үйге жеткізіп беру үшін артық қаржы шығындамайды.

Ерлан Батаев, Тұрар Рысқұлов ауылының тұрғыны: «Цементтің бағасын қарап, сұрап, сапасын қарап, зерттедік. Өзіме ұнағаннан кейін, осы жерде өзім жақын жерде үй соғып жатырмын. Сөйтіп осы жерден цемент алып жатырмын. Қазір осы уақытқа дейін де алып жатырмын. Цементтері өте жақсы, сапалы, қаладағы бағамен беріп жатыр».

Өнімнің сапасымен танысу үшін келген барлық қонақтарға цемент үлгілері ұсынылды.

Гүлдана Дәурен