Барша қазақстандықтарды үрейлендірген Арыстағы жарылыс оқиғасына 3 жыл болды. Сол кездегі қала көрінісі жайлы барлығы сөз еткен еді. Ал бүгінде Арыстың көркі мүлде басқа. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Арысқа барып, жергілікті тұрғындармен кездесті.
Арыстағы жарылыс! Осыдан 3 жыл бұрын барша халықты дүр сілкіндірген апат орын алды. Қаладағы әскери бөлімнің қоймаларындағы өрт салдарынан оқ-дәрілер жарылды. Снарядтар атылып, тұрғындар қаладан үдере қашуға мәжбүр болды. Сондықтан облыс шенеуніктері өңірде төтенше жағдай режимін жариялап, эвакуация басталды.
Жарылыс болған күні қалада ауа температурасы 40 градустан жоғары еді. Күннің аптап ыстығы мен жарылған оқ дәріден бас сауғалаған жұрт не істерін білмей дал болған. Ал содан бері Арыста көп өзгеріс орын алды. Қалға жаңа басшы, әйел әкім тағайындалды.
Облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев Арыс қаласына арнайы келді. Ол бірнеше нысанды аралап, тұрғындармен кездесті. Халық кездесу барысында жолдарды жөндеуді, мектеп салуды және пәтер мәселесін қарастыруды сұрады. Тұрғындар ең бастысы, 2019 жылғы 24 маусымдағы жағдай қайталанбаса дейді.
Аман Тохтар, Арыс қаласының тұрғыны: «Арыс қаласының көрінісінен жарылыс туралы ештеңе байқалмайды, бірақ жан дүниемізде мәңгі есте қалды. Біз жақсы өмір сүрудеміз, бәрі бар. Әрине, проблемаларда баршылық, бірақ олар шешіледі. Әкім Құрманбекова шешуге тырысады деген ойдамыз».
Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі: «Халық баға беруі керек, Арыс қаласының әкімі жақсы жұмыс істеп жатыр деп есептеймін, мойындау керек. Егер тұрғындар риза болса, онда ешқандай проблема болмайды».
Мұндағы өзекті мәселелердің бірі жарылыстан бизнесі зардап шеккендерге өтемақы төлеу. Өңір әкімі өз сөзінде бұл проблеманы үкімет деңгейінде көтеретінін айтып, халықты сендірді.
Мөлдір Ибадуллаева