Өмірзақ Шөкеев АҚШ елшісімен кездесті

53

Америка Қазақстанның халықаралық аренадағы жетекші серіктестерінің бірі. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Уильям Мозермен кездесу барысында осылай деді.

Отырыс кезінде сауда-экономикалық, инвестициялық салалар мен агроөнеркәсіптік секторда ынтымақтастықты дамыту мәселелері сөз болды. Қос тарап екі ел арасындағы туризм мен өзара әріптестік қарым-қатынастықты одан әрі нығайту мақсатында бірқатар іс-шара жүргізуге қарсы еместігін айтты.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі: «Біз үшін АҚШ – сенімді серіктес. Пандемияға қарамастан Түркістан облысында жұмыстар тоқтаған емес. Инвестициялар тартып, жаңа, заманауи жобаларды іске асыру үшін инвесторларға аса қолайлы жағдай жасауға ерекше назар аударылады. Туризмнің барлық бағыты біз үшін үлкен басымдыққа ие. Қонақ үйлер, ойын-сауық кешендері, туристерге қызмет көрсету, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, химиялық өндіріс, қайта өңдеу, ауыл шаруашылығы сынды бағыттарда сенімді серіктес болуға ашықпыз».

Кездесу барысында Өмірзақ Шөкеев ірі америкалық компаниялардың агроөнеркәсіптік сектордағы жобаларын жүзеге асырудың перспективалығын атап өтті. Сонымен қатар, Түркістан өңірінің нарығына шыққан шетелдік компаниялардың мүмкіндігіне тоқталды.

Ал АҚШ Елшісі инвестициялық ахуалды жақсарту тәсілдерін жоғары бағалап, америкалық тарап ынтымақтастықты қолданыстағы форматта жалғастыруға дайын екенін жеткізді.

Әлихан Файзханов