«Бай, қуатты болайық!»: Шымкентте Н.Иманғалиұлының көшпелі көрмесі қойылды

93
фото baq.kz

Қаламызда ардагер журналист марқұм Нұртілеу Иманғалиұлының 70 жылдық мерейтойына орай «Бай-қуатты болайық!» атты көшпелі көрме өтті. Мұнда телдевизия тарланының 170-ке тарта көзі тірісінде қолданған заттар мен қолжазбалары, марапаттары қойылған. Көрмеге тележурналистің жұбайы келіп, ашылу салтанатын өткізді.

«Бай-қуатты болайық». Журналистер арасында қанатты сөзге айналған осы бір ойдың авторы, талантты журналист, ел ағасы, халқының аяулы азаматы болған Нұртілеу Иманғалиұлы, арамызда болғанда биыл 70 жасқа толар еді. Артында өшпес із, мол мұра қалдырған көрнекті тележурналист, ардақты азаматтың құрметіне арналған көшпелі көрме Шымкентте қойылды. Көзі тірісінде Нұртілеу Иманғалиұлының өзі 70-ке келген жасымда елімді аралап көрме қоямын деген екен. Сол арманын жары Қарлығаш Табылдинова жүзеге асырды.

Қарлығаш Табылдинова, Нұртілеу Иманғалиұлының жұбайы: «Енді осы Алматыдан кейін Шымкенттің орны бөлек. Нұртілеудің өзі жақсы көрген көп сұқбат жұргізген, мастер класстар өткізген өңірі. Киелі Түркістан өңірі болған соң осы жерде өткізуді жөн көрдік. «70-ке толсам той тойлап, концерт беретін емес, осы республиканың барлық өңірін аралап, патша көңілді көрерменмен кездесу жасап, осындай көрме жасасам деп жоспарлаған болатын».

Көрменің Шымкент қаласына келу мақсаты телевизия тарланының өмір жолы мен өзі қолданған заттарын, қоғамға сіңірген еңбегін тұрғындарға насихаттап, естеліктерімен бөлісу. Сондықтан да 2 аптаға созылатын көрменің үшінші мегаполистегі тұсауы тарихи өлкетану музейінде кесілді.

Нұртілеу Иманғалиұлы 47 жыл ғұмырын журналистикаға арнады. Шараға сол жылдар ішінде аға-бауыр болып араласқан қоғам қайраткерлері мен тәлім алған шәкірттері келіп, өз естеліктерімен бөлісті.

Жанахмет Ағыбаев, шәкірті, «Түркістан» медиахолдингінің бас директоры: «Нұртілеу аға өзінің көзін көрген жандардың ғана ұстазы деп айта алмаймын. Оған бүткіл қазақтың тележурналистикасында жүрген жастары қарап бой түзеді. Бізде солай болдық. Ең бірінші хабарға жұмысқа барғанда Нұртілеу ағаны көріп амандасуға қорқып жүрген кездеріміз болды. Бұл кісі өзі түрі сұсты, сырбаз кісі болды, бірақ жастарға жол көрсетуден қашқан емес».

Көрмеге келушілердің қарасы көп болды. Тұрғындар ардагер тілшінің тағылымды тағдырынан сыр шертетін заттарын тамашалап, біртуар азаматтың жұмыс үстеліне отырып көрді. Ал көрме жайында ести сала келген Қанат Жолдасбеков мұндай мүмкіндікті жіберіп алуға болмайтынын айтады.

Қанат Жолдасбеков, Шымкент қаласының тұрғыны: «Нұртілеу Иманғалиұлы қазақ телевизиясының мэтры. Оны қазақ телевизиясына еңбегі сіңген ардагер ретінде танимыз. Біз Әуезов университетінің журналистика мамандығының студенттеріміз. Өзіміз қызығатын саланың негізін қалаушылардың бірі Нұртілеу ағаның көрмесі келеді дегенді естіп келдік».

Көрмеде Нұртілеу Иманғалиұлының 170-тен аса жәдігерлері қойылды. Мұнда оның жас кезіндегі суреттері, белбеуі, эфирде таққан галстуктері және марапаттары қойылған.

Әсел Мәлік