Балалардың тиімді демалысы: Жазғы сауықтыру лагерлерінде жұмыс қызуда

29

Мектеп оқушыларының жазғы демалысы басталғаннан-ақ, сауықтыру лагерлері қызу жұмысқа кірісті. Қазіргі таңда бірнеше маусымды артқа тастаған демалыс орындары тамыз айының ортасына дейін балаларды қабылдайды. Бүлдіршіндердің демалысын тиімді түрде ұйымдастырумен айналысып отырған демеушілер де жоқ емес.

4-ші сыныпты тәмамдаған Анеля мен Аделя Рамазановалар жазғы сауықтыру лагеріне алғаш рет келіпті. Егіз қыз алғашында аздап жатырқағанымен, уақыт өте әбден үйренісіп кеттік дейді. Енді 10 күндік демалыс уақыты аяқталар шақта достарын қимай қоштасқан балғындар, келесі жылы міндетті түрде қайта келеміз дейді.

Анеля Рамазанова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Жақсы адамдар бұл жақта, достар таптық, ойындар, бассейндер, дискотека мен осы жақа қайтадан келгім келіп тұр, қайтқым келмей тұр бәрін сағынам. Бізге бәрі номерін жазып берді, тілектер осылай біз қайтып жатырмыз. Келесі жылы тағыда достар табамыз».

Жетінші сынып оқушысы Бақтияр Қалжанов аталған лагерге келуге қолдау көрсеткен демеушілерге алғысын білдірді. Жасөспірім мұнда жаңа достар табумен қатар, спорттың бірнеше түріне қызығушылығы оянғанын айтады.

Бақтияр Қалжанов, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мен бұл лагерге 5-і күні келдім, енді міне үйімізге қайтатын уақыт болды. 7-ші сыныпта оқимын. Бұл жақтан өзіме көптеген жақсы дос таптым, табиғаты да керемет. Біз күнде түрлі іс-шараға қатысамыз. Маған спорттың әр түрінен өткен жарыстар қатты ұнады, келесі жылы қайта келемін деп үміттенемін».

Сұлушаш Жұмадилова, аға тәрбиеші: «Біз балаларды топқа бөлгенде жасына қараймыз. 9 топ бар, әрқайсысында 40 баладан болады. Барлық топтар бізде спортпен қамтылады, теннис,волейбол, баскетбол. Балалар лагерді сағынып қалған әбден, олардың көңіл-күйін сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Керемет көңіл-күйде».

15 маусым күні басталған жазғы сауықтыру лагерінің жұмысы 15 тамызға дейін жалғасады. Ал тек бір онкүндіктің өзінде 320 бала демалуға келеді. Лагерь директорының сөзінше, мұнда балалардың көшбасшылық қабілетін дамытуға ерекше мән беріледі.

Айгүл Абуова, «Машат» жазғы балаларды сауықтыру лагерінің директоры: «Әр отряд өз орнымен бассейнге екі мезгіл барады, душқа түседі, эстафета болады, футбол, шахмат, гимнастика спорттың барлық түрінен жарыс өтеді. Сол жарыс балаларға өте қызық. Одан кейін жабылу салтанатында балалардың жетістіктерін ескеріп, балаларды марапаттаймыз. Спорт жағына да міндетті түрде көңіл бөлеміз. Бізде таңертең 8:15-те міндетті 300 баламыз стадионда таңғы жаттығу жасайды».

Лагерде тәрбиеші, спорт жаттықтырушысы, медбике секілді жалпы саны 32 қызметкер жұмыс істейді. Демалушыларға 4 мезгіл тамақ беріледі. Ал балалардың жазғы демалысын табиғат аясында пайдалы өткізуге мүмкіндік беріп отырған – «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-і. Компания өкілі Еркін Жұмаділдің сөзінше, қызметкерлердің балалары да назардан тыс қалмай, жазғы демалысын тиімді өткізуі қажет.

Еркін Жұмаділ,  «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС қоғаммен байланыс менеджері: «ПетроҚазақстан ойл продактс» Шымкент мұнай заводының ұжымы неше жылдан бері өзінің қызметкерлерін ғана емес, қызметкерлердің балаларына да көңіл бөліп әлеуметтік мәселені шешуде.  Таңдаған лагеріміз де өте орынды. Оны алдын ала таңдап, шешіп, комиссиямен тексеріп, сынап, балалар барар алдын жағдайын көрдік. Тамағы қалай, жалпы жағдай, демалыс орны қандай екенін тексеріп, алып, кейін комиссиямен шешіп, балаларды жіберіп отырмыз».

Осымен үшінші маусымы аяқталып отырған жазғы сауықтыру лагері әлі тағы 3 онкүндікте балаларды қабылдайды. Бұған дейін де жасөспірімдерді жазғы демалыс орындарына жіберіп отырған «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» компаниясы алдағы уақытта да бұл игі істі жалғастыра бермек.

Гүлдана Дәурен