Темір тордың ар жағында қалай ақша табуға болады? 167/3 жалпы режимдегі колонияда жазасын өтеушілер жұмыс істеп, жақындарына көмектесуге тырысады.
Танымал блогер Мұрат Әбділда қазір 167/3 жалпы режимдегі колонияда жазасын өтеуде. Әлеуметтік желідегі тікелей эфирімен танылған түркістандық азамат «өшпенділік тудырды» деген айыппен 4,5 жылға бас бостандығынан айырылған. Қазір оның қолында телефон емес, дәнекерлеу құрылғысы. Колонияда жұмыс істеп жүрген Мұрат Әбділдә рұқсат етілген уақытта кітап оқимын дейді.
«Бос уақытымда енді кітап оқимын. Мұқағали Мақатаевтың кітабы бар. Енді қанша дегенмен шығармашлықтың адамымын. Әлі өнерді ұмытқан жоқпын. Алла қаласа шығамын. Шыққаннан кейін жақсы образбен шығатынымды 100 пайыз кәміл айтамын. Дұрыс, мені жақтаушылар да болады, даттаушылар да болады. Өмір болғаннан кейін 50/50 ғой. Бірақ мен сынбаймын. Бірақ, түсінгенім мен тек анама ғана керек екенмін. Тек анам іздеп келеді. Өнердегі бауырларымның бірі де келмеді. Олар ренжімесін, бірақ шындық осы»,-дейді Мұрат.
Инстаграм жұлдызы дәнекерлеу цехында металл бұйымдарын жасаумен айналысады. Сотталғандар мұнда өз жұмыстарына жауапкершілікпен қарайды. Олар әдеттегі тапсырыстардан бөлек, шайханаға үстел мен әткеншек те жасайды екен.
Нұрлан Данияр, ИЧ 167/3 мекеме бастығының орынбасары: «Сотталғандар әртүрлі мамандықтарды игеріп, сол үшін жалақы ала алады. Барлығының пікірі маңызды. Біз оларға барынша жағдай жасауға тырысамыз. Мұнда бірнеше цехтар бар. Әр қайсысы өз қалауы бойынша жұмыс істейді».
Колониядағылар қысқа дайындықты бастап кетіпті. Қазір осы цехта компот пен джем қайнатады. Мұнда да сотталушылар барын салып жұмыс істеп, табыс табады.
«Алдымен шие, алма, қара өрік, содан кейін қант, содан кейін сақтау үшін зарарсыздандыру саламыз. Күніне 150-200 банка жабамыз»,-дейді сотталған азамат.
Сотталғанға дейін әлеуметтік желі жұлдызы немесе бұрынғы жоғары лауазымды шенеунік болса да, колонияда бәрінің деңгейі бірдей. Ешкім оларға арнайы VIP орын дайындап, педофильдер мен адам өлтіртіргендерден оқшауламайды. Өйткені, мұндағылардың барлығы бірдей жазасын өтеп жатқандар.
Мөлдір Ибадуллаева