Министр: Артспорт жобасын жабуға негіз жоқ

87

Артспорт жобасы жабылмайды. Сонымен қатар бағдарлама тексеріліп жатқан жоқ, тек тиісті министрлік тарапынан реттеу жұмысы жүргізіліп жатыр. ҚР Мәдениет және спорт министрі осылай деді. Сөзінше, жобаға бірқатар өзгеріс енеді, алайда аталған бағдарлама тек балалар жылы ғана емес алдағы уақытта да жұмысын жалғастырады.

Соңғы уақытта артспорт бағдарламасы аясында көтерілген шу әлі басылмай тұр. Себебі жаттықтырушылар балаларды тіркеуден шығара алғанымен, бағдарламаға қатысамын деп ниет білдірген бүлдіршіндерді жобаға тіркей алмай әлек. Аталған мәселені тұрғындар Шымкент қаласына арнайы іссапармен келген мәдениет және спорт министрінің назарына ұсынды.

«Мен қазіргі шулап жатқан артспорт жайында сұрақ қойғым келіп отыр. Бірінші мәселе – қазіргі таңда Шымкент қаласында істеп жатқанымызға 3 ай болды. Ата-аналардың бәрі балаларын тегін беріп, артспортқа тіркегенбіз. Басқа қалаларға да жарысқа барып жүрміз. Енді біз ата-аналарға қазір үкіметте ақша жоқ, балаларыңызды ақылы әкеліңіздер десек, «ол қалай, басында тегін шақырдыңыздар ғой?!» деп жатыр».

Министр жобаның жабылмайтынын, тек реттеу жұмысы жүргізіліп жатқанын айтты. Сөзінше, бағдарламаға қатысты бірқатар өзгеріс енгізіліп, талап күшейеді.

Дәурен Абаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі: «Ешқандай тексеру жүргізіліп жатқан жоқ, оны әр әкімдіктен сұрау керек. Мысалы Шымкент қаласы қалай жұмыс істеп жатыр, өйткені біздің тараптан ешқандай тексеру жүргізіліп жатқан жоқ. Бізден бүкіл қаржы мәселесі, ал ұйымдастыру мәселесі әкімдіктерге байланысты. Әр әкімдік өздері қолға алған. Біздің қолымыздағы нәрсе – жалпы республика бойынша бір бұйрық жасау. Біз бәрін зерттедік, сараптама жасадық, соның нәтижесінде біз бұйрықты қолға алып жатырмыз. реттеп жатырмыз».

Дәурен Абаев секцияға жалпы ереже бойынша балалардың 4 жастан бастап 17 жасқа дейін қатысуы тек бірнеше спорт түрі ғана бойынша болуы керектігін атап өтті. Себебі, бокс секілді денсаулыққа қауіпті спорт түріне балаға тек 12 жастан бастап қана рұқсат беріледі.

Дәурен Абаев,  ҚР Мәдениет және спорт министрі: «Мысалы, 4 тен 17 жасқа дейін рұқсат деп айтылған. Бірақ өзіміздің зерттеулеріміз бойынша біздің басқа бұйрығымыз бар министрлікте. Мысалы, көркем гимнастикада 4 жастан рұқсат, бірақ бокста тек 12 жастан рұқсат. Бірақ қазір кейбір азаматтар 7-8 жастан бастап азаматтарды боксқа ала береді. ол балалардың денсаулығына кейін зиян келуі мүмкін».

Алдағы уақытта «Артспорт» бағдарламасы аясында жүйеге бірнеше өзгеріс енеді, ал жаттықтырушылар мен оқытушыларға талап күшейтіледі. Министр Абаев бағдарламаның жабылуына еш негіз жоқ екенін, ары қарай жұмыс жалғаса беретінін атап өтті.

Сонымен қатар, спорт министрінің сөзінше аталған жоба тек балалар жылында ғана емес, алдағы уақытта да жалғасын тауып заң аясында жұмысын жалғастырады. Ал жоба бойынша ешқандай мамандарды қысқарту болмайды, тек бірқатар үйірмелер бірігуі мүмкін.

Гүлдана Дәурен