«Пара алды» деген күдікке ілінген Кентау қаласының экс- әкімі 10 жылға сотталды

61

Кентау қаласының бұрынғы әкімі сотталды. Сот экс шенеунік Дәурен Махажановты пара алғаны үшін кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырды. Ол 366-баптың 4-бөлігі «Аса ірі мөлшерде пара алу» бойынша қылмыс жасағаны үшін айыпталды. Сондай-ақ сотталушыдан өтемақы қорына 30 АЕК көлемінде төлемақы өндірілді.

Мәртпек Кәкімжанов, Алматы қаласы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы: «Сот Дәурен Сәбитұлы Махажановты 24-баптың 7-бөлігі («Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу») бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп тануға үкім шығарды және ҚР ҚК-ның 366-бабы 4-бөлігі. Мемлекеттік қызметте, сотта, Ұлттық банкте, ведомстволарда, Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және бақылау органдарында, мемлекеттік ұйымда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салу және он жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын. Мерзім сот үкімі заңды күшіне енген сәттен бастап есептеледі. 2022 жылдың 24 ақпанынан бастап қамауға алу мерзімі жаза мерзіміне есептелсін».

Айта кетейік, бұл іс бойынша басқа айыпталушылар – Лаврентий Бобрышев пен Бауыржан Түмебаев 368-баптың 1-бөлігі «Парақорлыққа делдал болу» бойынша кінәлі деп танылды. Бобрышев бір жылға бас бостандығынан айырылса, Бауыржан Түмебаев бір жыл алты айға темір торға қамалады. Сондай-ақ сотталушылардан процессуалдық шығын ретінде 171 000 теңге өндірілді.

                                                                                                    Мөлдір Ибадуллаева