Шымкентте 29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін азаматтарға 857 жалдамалы пәтер беріледі

490

Шымкентте 11 мың жас баспана кезегінде тұр. Бұл мегаполисте үйсіз жүргендердің шамамен 5-тен бірі. Сондықтан мемлекет тарапынан 29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін азаматтарға сатып алу құқығынсыз баспана беріледі. Биыл бұл бағдарлама бойынша үшінші мегаполисте 857 үй беріледі деген жоспар бар. Оның 211-іне өтініш қабылдау 28 шілде басталады.

Шымкенттегі Тұран шағынауданынан 211 пәтер жалға беріледі. Жалдау ақысы 5-15 мың теңге аралағында. Алайда оны тұрақты жұмыс істейтін, жасы 29 жастан аспаған жастар ғана ала алады. Өтінім беруші соңғы екі жылда Шымкент қаласында тіркелген болуы қажет. Және оның өз атында үй болмауы шарт.

Жанат Утебаева, Шымкент қалалалық тұрғын үй басқарамасының басшысы: «Қажетті құжаттар тізімі: Білімі туралы құжаттың көшірмесі. Жұмыс орнынан анықтама. Өтініш берушінің ай сайынғы табысы кемінде 40 АЕК, растайтын соңғы алты ай ішіндегі табысы туралы анықтама. Сонымен қатар банктік шоттың болуы және нөмірі туралы анықтама және банктік шот бойынша ақшаның қалдығы және қозғалысы туралы үзіндеме қажет».

Құжаттар кезекте кз электронды порталында 28 шілде таңғы сағат 09:00 мен, 29 шілде 19:00 аралығында қабыладанады. Әрі құжат тапсырушы азаматтың электронды қолтаңбасы болуы керек. Айта кетейік, қай өтініш беруші көп балл жинаса, сатып алу құқығынсыз берілетін баспана да сол жанға бұйырады.

Жұлдызай Ордабекова, Шымкент қалалалық тұрғын үй басқарамасының басшысы орынбасарының міндетін атқарушы: «Кәсіпті меңгерген өтініш берушіге 10 балл, отбасылы болған жағдайда 5 балл және некеде тіркелген әрбір жылы үшін 2 балл беріледі. Бір бала-1 балл, әрбір кейінгі бала үшін 2 балл беріледі. Жеке кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырған кезде кемінде 1 жылға 5 балл, әрбір жыл үшін 1 балл беріледі. Жетістіктері үшін 2 балл, бюджеттік ұйымдардағы еңбек қызметі үшін мемлекеттік кәсіпорындарда 5 балл, өтілінің әрбір жылы үшін бір балл, депозит үшін 2 балл беріледі».

Жауаптылардың сөзінше, Тұран шағынауданынан берілетін баспаналар 1 және екі бөлмелі. Ал сапасына 5 жылға кепілдік берілген. Егер қандай да бір ақаулар анықталса, оны мердігер өз есебінен жөндеп береді.

Жанат Утебаева, Шымкент қалалалық тұрғын үй басқарамасының басшысы: «Тұрандағы үйлердің сапасына қарай айтып өтетін болсақ, ол бойынша қабылданған. Құрылыстан біздің басқармаға берілген. Ал кемшіліктер болған жағдайда құрылыс басқармасы мердігермен 5 жылға келісімшартқа тұрған. Сол келісімшарт негізінде табылған ақаулар бойынша орнына келтіріп береді».

Айта кетейік, қазіргі таңда мегаполис бойынша 49 250 адам баспана кезегінде тұр. Ал оны 11 мыңы жастар дейді тұрғын үй басқармасындағылар. Сондықтан жыл соңына дейін тағы 646 баспананы сатып алу құқығынсыз беру көзделуде. Яғни, қыркүйекте Шымситиден 286 пәтер жалға берілсе, желтоқсан айында Бозарықтағы 360 баспана кілті егелеріне табысталады.

Мөлдір Ибадуллаева