Түлкібас ауданында мектеп директорына қатысты сот үкімі шықты

63

Түркістан облысы Түлкібас ауданы Майлыкент жалпы орта мектебінің директоры пара алғаны үшін сотталды. Білім ордасының басшысы аталған мектептің ағылшын тілі мұғалімінің сауықтыруға арналған 467 112 теңге жәрдемақысының 200 мың теңгесін қолма-қол пара ретінде алған.

Аталған іс-әрекет ҚР ҚК 366-бабы 2-бөлігінде көрсетілген ауыр санаттағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қылмыстық құқықбұзушылық ретінде тіркелген. Іс сотқа қысқартылған тәртіппен түсіп, қаралған. Сот отырысында сотталушы өз кінәсін толық мойындаған.

Сондай-ақ, қамқорлығында кәмелетке толмаған екі баласы барын ескеріп, оған айыппұл жазасын тағайындауды сұранған. Айыпталушыға қатысты сот үкімі шықты. Енді бұрынғы мектеп директоры мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды және 6 млн. теңге көлемінде айыппұл төлейді. Дегенмен сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Ақмарал Муханова, Түлкібас аудандық сотының судьясы: «Сот үкімімен сотталушы ҚР ҚК 366-бабы 2 бөлігімен кінәлі деп танылып және оған мемлекеттік қызметте, судья қызметінің жергілікті өзін-өзі басқару органлдарында, ҚР Ұлттық Банкінде және оның ведомстволарында, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салынып, 6 млн теңге көлемінде айыппұл салу жазасы тағайындалды».

 Гүлдана Дәурен