«Жиналысқа барғанда бір-ақ білдім»: Түркістандық дәрігерге «Құрмет» ордені табысталды

59

35 жылдан аса уақыт денсаулық саласында еңбек еткен дәрігер Алмас Мамыров құрметке бөленді. Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында жұмыс істейтін ақ халатты жанға Президент жарлығымен «Құрмет»ордені табысталды. Алайда, бұл марапат Алмас Мамыровқа күтпеген тосын сый болыпты.

Алмас Мамыров,  Түркістан облыстық клиникалық аурухананың реанимация бөлімшесінің меңгерушісі: «Өте үлкен сюрприз болды Алдында ешкім айтқан жоқ. Мені  жиналыс деп шақырған. Сол барғанда мынадай бір қуаныштымын. Мен 35 жыл жұмыс істеп алғаш рет орден алып тұрмын. Бұрын тек қана медаль болған».

«Бұл менің емес,ұжымның жетістігі». Осылай деген дәрігер әріптестеріне алғысын білдірді. Айтуынша, ұжыммен талай шыңды бағындыруға болады. Ал аурухананың өзге дәрігерлері Алмас Мамыровты ұстаз санайды екен.

«Бұл біздің ұстазымыз. Жұмыстағы әкеміз. Осы кісі арқылы тәлім-тәрбие алып отырмыз. Өте қуаныштымыз»,-дейді дәрігерлер.

Сондай-ақ облыстық балалар ауруханасының жоғары санатты травматолог- ортопед дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты Еркебай Бектаев та «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Жалпы ел бойынша 20 дәрігер құрметке бөленді деген денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов бұл облыс үшін жақсы көрсеткіш екенін айтты.

Марат Пашимов, Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы:
«Ол өте мықты награда деп санаймыз. Дәрігерлердің жұмысын бағалап, құрметтеп жатқан президент пен денсаулық сақтау министріне рақмет. Облыста бұдан басқа да бірнеше дәрігерлерге төсбелгі табысталды. Келесі апта іс сапармен бізге келейін деп жатыр. Біраз жұмыс көрсетуіміз керек. Бірге жұмыс істейміз деген ойдамыз».

Әлем назарын өзіне аударған пандемия дәрігерлердің қоғамға аса қажет екенін дәлелдеп берді. Сондықтан мойнына үлкен міндет арқалап жүрген адам жанының арашасы, ақ халатты абзал жандарға көрсетілер құмет қашанда ерек болмақ.

                                                                                                 Мөлдір Ибадуллаева