Қыркүйекте нан арзандайды-Қазақстан Астық одағының болжамы

71

Күзде нан бағасы арзандайды. Ет пен жұмыртқа құны да бұрынғыдай шарықтамайды. «Қазақстан астық одағының» төрағасы Нұрлан Оспановтың айтуынша, бидай арзандап келеді. Қыркүйекте тағы да төмендеуі мүмкін.

Болжам бойынша биыл диқандар 16 млн тонна астық орады. Оның 5 миллион тоннасы өзімізге жетеді. Ал 9 миллион тоннаны экспорттауға болады.

Нұрлан Оспанов, «Қазақстанның Астық одағының» төрағасы: «Егер үшінші сұраптағы 1 келі бидай 120-130-дан болса, нан да сол шамада болуы керек. Бидайдың құны төмендеген сайын одан жасалатын өнімдер де арзандайды. Оның ішінде жем, жарма бар. Сәйкесінше ет, тауық еті, жұмыртқа арзандауы тиіс. Тек жанармай, электр энергиясы тағы басқа шығындар көбейіп кетпесе болғаны».

Бірақ биыл Ресейде де астық мол. Көрші ел Еуропаға бидай сата алмайды. Сондықтан Қазақстанға бәсекелес болуы әбден мүмкін дейді мамандар. Тіпті өз бидайын арзан ұсынып, біздің шаруаларды шығынға батыруы да ықтимал.

Сол себепті астық одағы үкіметтен ішкі нарықты 125 теңгеден төмендетпейтіндей шара қабылдауды ұсынып отыр.

Мөлдір Ибадуллаева