Сарыағаш: Самалдық тұрғындар шағынауданға асфальт төсеп беруді сұрайды

Сарыағаш қаласындағы Самал-3 шағынауданының тұрғындары шаңға батып отыр. Алды 15 жыл бұрын көшіп келген шағынаудан халқы әкімдіктегілер шамамен 5 жыл бұрын асфальт төсеп беруге уәде берген дейді. Алайда, әлі күнге дейін нәтиже жоқ. Жазда шаңнан көз ашпаймыз деген халық, жаңбыр жауса балалардың сабаққа баруы мұңға айналатынын айтады. 

Гүлшаһар Қалышева Сарыағаш қаласындағы Самал-3 шағынауданында 10 жылдан бері тұрады. Ол осы уақыт ішінде төңіректегі жол проблемасы шешімін таппай отырғанына налиды. «Жаңбыр жауғанда жүру мүмкін болмайды» деген әйел жаз басталса шаңнан көз ашпайтынын айтады. 5 баласы мектепке баратын ана күзде көше батпаққа айналғанда шағынауданда көлік те қатынамай, әуре-сарсаңға түсеміз дейді. Салдарынан, балалар білім алу үшін шамамен 3 шақырым лайды кешіп өтуі қажет.

Гүлшаһар Қалышева, Сарыағаш қаласының тұрғыны: «Белшеден лайға батамыз. Аяққа пакет киеміз, бір қыста 3 аяқ киім киеді бала-шағам. Менің 5 балам мектепте оқиды. «Лай кезде ауырып өлейін деп жатсаң да жедел-жәрдем кірмейді, водовоз да келмейді, такси жүрмейді мүлдем. Жаяу барамыз неше километр жүріп, сөйтіп сол жақтан мінеміз таксиге. Жаздың күні шаң! Шаңның астында отырады мын қара халықтың бәрі».

Жаңбырлы күні такси түгілі жедел жәрдем шақыра алмаймыз деп шулаған тұрғындар жол мәселесін шешіп беруді өтініп әкімдіктің есігін талай тоздырған көрінеді.


Самал-3 шағынауданындағы жалпы жолдың көлемі – 14 шақырым. Былтыр оның тек 12,5 шақырымына тұрғындардың шағымымен шағал тас төселген екен. Ал қалған бөлігіне тұрғындар заңсыз қоныстанып алған деген желеумен тіпті тас та төселмепті.

«Самал-3 аумағына қазіргі таңда асфальт төселген жоқ, себебі судан кейін төсейміз деген смета бар. Ал қосымша 2,5 шақырымдай жол топырақ жол болып тұр. Ол жаққа шағал тастамаған себебіміз – ол шаруа қожалықтың жері. Яғни, шаруа қожалықтың жеріне тұрғындар кіріп алғаннан кейін, біз шағал төсей алмадық. Бірінші кезекте су мәселесін шешіп болғаннан кейін, біз асфальт жолды… Бірақ асфальт жолға 14 шақырымға біздің тиісті сметалық құжаттарымыз дайын тұр»,- деді Сарыағаш қаласының әкімі Мұхит Досболов.

Дегенмен, 14 шақырым жолға асфальт төсеу үшін жобалық-сметалық құжат дайын деген қала әкімі қарастырылып отырған қаржы көлемін айтып бере алмады.

Шағынауданда жолдан да бөлек қордаланған бірнеше мәселе бар дейді тұрғындар. Мәселен, қоғамдық көлік қатынамайтын аумақта қаңғыбас ит көп, ал көшелерде жарық жоқ.

«Қаланың іргесінде тұрып, көрген күніміз осы деген халық бұған дейін жиналған мәселесін айтып әкімдікке талай барған екен. Алайда әлі күнге дейін проблема шешімін таппады деп күйініп отыр. Дегенмен, қала әкімі уәде еткен ауызсу жүйесі жүргізілсе, жол мәселесі де шешімін табар деген үмітте.

Гүлдана Дәурен