Шымкентте Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жұмысынан бірнеше кемшілік анықталды

51
фото zhanaqorgan-tynysy.kz

Шымкентте Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында қызық оқиғалар орын алып жатыр. Оны сыбайлас жемқорлықпен күресшілер сыртқы тәуекелдерге талдау жасағанда анықтады.

Мәселен, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тұрақтандыру қорына 8 рет жалпы сомасы 650 миллион теңгеге ұн сатып алған. Ал антикор анықтаған жайтта сатып алынған ұн келесі күні дәл сол кәсіпкерге қайта сатылған. Бірақ, бір таңғаларлығы ұн сатып алған бағадан әлдеқайда арзан. Олар мұнымен әлеуметтік маңызы бар өнімнің бағасын бірқалыпты ұстап тұруды көздегенін айтады. Бірақ антикор бұл іс бағаға ешқандай әсер етпегенін айтты. Ал корпорация бұған дейін бағаны тұрақты ұстауда нәтиже көрсетпеген.

Жәни Қамбар,  ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бас маманы: «Біз тексеріс барысында Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында түрлі заңға сай келмейтін жайттарды анықтадық. Қазір толық тексеріс жүріп жатыр».

Үш жыл ішінде Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы басқармасы мен «Шымкент» ӘКК арасында тұрақтандыру қорын қалыптастыру бойынша қызметтерді сатып алу үшін бюджеттен 5 млрд. 700 млн. теңге жұмсалып, 5 келісімшарт жасалды.

Сонымен қатар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мамандары ӘКК-сы жер телімдерін әкімдіктен кадастрлық құнымен сатып алып, кейін кәсіпкерлерге сметалық құнымен сатқанын анықтады. Біріншіден, жер аукцион арқылы сатылуы керек еді. Оған қоса, қаражат жергілікті бюджетке түспегені де белгілі болды.

Антикорлықтардың айтуынша, олар ақшаны әкімшілік шығындарға жұмсап, қалғанын депозитке аударған. Олқылықтары үшін жауапты маман жазаланады ма, жоқ па әлі белгісіз. Себебі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігі тек іс барысын айтумен шектелді. Ал кемшіліктерді түзету үшін корпорацияға әлі жарты жыл уақыт бар.

Әсел Мәлік