Түркістан облысында жалған мемлекеттік нөмір таққан жүргізуші құрықталды

59

Түркістан облысында көлігінің мемлекеттік нөмірін өзгертіп, өзгеге 90 мың теңге айыппұл әкелген жүргізуші қолға түсті. Жәбірленушінің сөзінше, оған жол ережесін бұзбаса да айыппұлдар келіп тұрған. Сондықтан тұрғын көлігінің нөмірін біреу тағып жүруі мүмкін деген күдікпен полицияға арызданыпты. Нәтижесінде оған тиісті нөмерді өзге біреу көлігіне тіркеп, бірнеше рет заңбұзушылық әрекетке барғаны белгілі болды.

Сарыағаш ауданынының тұрғыны ешқандай заңбұзушылық әрекетке бармаса да мемлекетке 90 мың теңге қарыз болды. Оған айыппұлдардың басым бөлігі көлікті жылдамдықты асырып айдағаны үшін келіп отырған. Аталған жайтқа таңданған жүргізуші, мән жайды анықтау мақсатында полицияға арызданыпты. Нәтижесінде, жәбірленушінің мемлекеттік нөмірін өзге біреу иемденіп, бірнеше рет жол ережесін бұзғаны белгілі болды.

Сәбит Бахтығалиев, Түркістан облысы ПД-ның Жедел басқару орталығының бастығы полиция подполковнигі: «Полицейлер «Мерседес» көлігін тоқтатты. Ол полицияға жүгінген Сарыағаш тұрғынының нөмірімен жолға шыққан. Белгілі болғандай, жүргізуші нөмірдегі әріпті өзгертіп, басқасын жапсырған. Мерседес жүргізушісіне қатысты «Көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды».

Елімізде мұндай жағдайлар жиі кездесетін көрінеді. Яғни, бірқатар жүргізушілер көлігіне жалған номер тағу арқылы, әкімшілік жауапкершіліктен құтыламыз деп ойлайды. Мәселен, Өскеменде дәл осындай әдіспен өзгеге 2 млн. теңге шығын келтірген азамат анықталды.

Жалған номерге бақылау, ағымдағы жылдың сәуір айында жедел басқару орталықтарында іске қосылған «Қорғау» бағдарламасы аясында белгіленді. Бұл жобаның көмегімен Шымкентте 4 ай ішінде жалған нөмірмен жүрген 50 жүргізуші анықталған.

Асқар Әліпбаев, Шымкент қаласы ПД жедел басқару орталығы бастығының орынбасары: «Оқылмайтын нөмірі бар автомобильдер де міндетті түрде жауапқа тартылады. Егер апат кезінде кенеттен номерге зақым тисе немесе бояуы тозып кетсе, бұл кемшіліктерді сол сәтте, яғни тез арада түзету керек».

Жалған нөмір тағып көлік тізгіндеген жүргізуші бір жылға көлік жүргізу құқығынан айырылады. Полицейлер бейнебақылау жүйесі – жалған, оқылмайтын, тіпті жыпылықтайтын нөмірмен жүріп, айыппұл төлеуден қашатын жүргізушілерді де анықтай алады дейді. Яғни, оператаор мұндай жайтты байқаған бойда патрульдік полиция қызметкерлеріне хабарлап, дереу іске кіріседі.

Аида Қарсыбайқызы