Түркістан облысының коммуналдық мәселелері қалай шешіледі?

55

Түркістан облысының коммуналдық мәселелері 2023 жылға қарай толығымен шешілуі тиіс. Оның қатарында бірінші кезекте – ауыз су мәселесі тұр. Шенеуніктердің сөзінше, бүгінде облыстың 80 пайызы сумен қамтамасыз етілген. Десе де, бұл нақты көрсеткіш емес. Ал, өңірді газдандыру және электр қуатымен қамту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.

Бұл Төлеби ауданы. Жергілікті тұрғындар қала көлеміндегі септиктен шығатын жағымсыз иіске көп жылдан бері шағымданып келеді. Олар, шенеуніктер мәселені шешеміз деп уәде бергенімен, еш өзгеріс жоқ деп ашынады. Ал, тиісті мамандар мұнда септиктің жаңа түрін орнатуды көздеп отыр. Бұл құрылғы бағасы жағынан тиімді әрі мәселені тез шешетін көрінеді.

Сәкен Шалабайұлы, Түркістан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы: «Кәріз жүйесін толығымен қамтамасыз ету айтарлықтай қаржыны қажет етеді. Ол үшін барлық жоспар жасалған, десе де оған біраз уақыт керек. Аудан орталықтарын алатын болсақ, онда 200 кубтық кішігірім кәріз жүйелері орнатылған. Бұл бойынша жұмыстар жасалып жатыр. Жақын арада барлық мәселе шешіледі».

Қоғамда коммуналдық мәселеге келгенде міндетті түрде күрмеуі шешілмеген күрделі мәселелер кезігіп жатады. Мысалы, Шардара ауданындағы ауыз судың жетіспеушілігі. Облыстың бас коммуналдық қызметкері бұл мәселе келер жылы толығымен өз шешімін табатынын айтады.

Сәкен Шалабайұлы, Түркістан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы: «Сумен қамтамасыз ету бойынша аудандарда ешқандай мәселе болмауы керек. Қазіргі көрсеткіштерге қарар болсақ, 85% ауыз сумен қамтылған. Бізде жазғы уақытта ауыз су азайып кетеді, яғни белгілі мәселелер туындап жатады. Ал, қыс мезгілінде бұл мәселе қатты байқалмайды. Бұған Оңтүстік аймақтағы аптап ыстықтың айтарлықтай әсері бар. Мәселен, соның салдарынан жер асты суы төмендеп, ауыз суға тапшылық байқалады».

Биыл облыстың 70 пайызға жуығы көгілдір отынмен қамтылды. Ал, электр қуатына қатысты ешқандай мәселе жоқ. Сондай-ақ, ТМД елдерінде теңдесі жоқ ең үлкен қосалқы станса Төлеби ауданында салынып жатыр.

Сәкен Шалабайұлы, Түркістан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы: «Элекр жүйесінде тапшылық жоқ, керісінше профицит бар. Облыста элекст энергиясына тапшылық болмайды. Қазір біздің облысымызға қажетті элекрдің энергисының 80% Солтүстік өңірден Екібастұздан сатылып алынады».

Әкімдік кейбір мердігер ұйымдармен қатаң түрде жұмыс істеуге уәде беріп отыр. Облыс басшысы осы орайда өз ісіне жауапсыздық танытқан мердігерлерді қара тізімге енгізіп, қажет болса лицензиядан айыруды тапсырды.

Аида Қарсыбайқызы