Айдалаға есірткі еккен…

39

«Қарасора-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында ҚР ІІМ мен Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс қимыл басқармасының полицейлері ауқымды іс-шаралар ұйымдастырып, есірткі егістіктерін анықтауда. Мәселен аталған полиция қызметкерлері мен Ұлттық Ұланның «Бүркіт» арнайы жасағы бірлесіп, тікұшақ арқылы бақылап, тексеру жұмыстарын жүргізді.

Нәтижесінде Арыс ауданы Байырқұм ауылы маңынан есірткіге ұқсас өсімдіктері бар егістікті анықтады. Бұл аймақ тікенек шөппен қоршалған. Осы бойынша тәртіп сақшылары бірден тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде полицейлер аталған егістікті қарау барысында 146 түп есірткі затын тауып, тәркіледі. Сараптама қорытындысына сәйкес алынған түптер «сора» болып шықты.
Аталған жайт СДТТБТ-ға ҚР ҚК-нің 300-бабы «Құрамында есірткі заттары бар өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру» бойынша тіркелді.
Полицейлер аталған есірткіні егіп, күтіп-баптаған арыстық ер адамды анықтады. Ол далалы, бос жатқан жерге есірткі еккенін мойындады. Күдікті қамауға алынды. Қазіргі таңда оған сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бүгінде полиция қызметкерлері күдіктінің тыйым салынған құрамында есірткі заты бар өсімдікті қандай мақсатта өсіргенін анықтауда.
Түркістан облысының полиция қызметкерлері есірткінің заңсыз айналымын жедел-іздестіру және алдын алу іс-шаралары аясында бірқатар қылмыстарды ашып, есірткі сатқан, еккен, сақтаған күдіктілерді құрықтауда. Сондықтан сіз, есірткі бойынша қандай да бір ақпараттарды білсеңіз бірден полицияның «102» нөміріне хабарласыңыз. Бұл өз кезегінде есірткіге байланысты қылмыстардың азаюы мен жолын кесуге септігін тигізеді.