Биыл Шымкенттен 800 адам әскерге алынады

72

1 қыркүйектен бастап елімізде азаматтарды күзгі әскери шақырылым басталды. Ал, Қазақстанда келесі жылдан бастап, әскерге барған азаматтарға бірқатар жеңілдік берілмек. Бұл туралы күзгі әскерге шақыру науқанын ұйымдастыру және өткізу жиынында айтылды. Қорытынды жиынға жауапты мамандар мен әкімдік өкілдері қатысты.


Елімізде келесі жылдан бастап, әскерге барған азаматтарға бірқатар жеңілдік берілмек. Мысалы ҰБТ тапсырмастан оқу орнына түсуге болмақ. Және әскери жоғары оқу орнына емтихансыз қабылдау да қарыстырылмақ. Сонымен қатар әскерге қабылданған азаматтың қарызы болса, уақытша демалыс берілмек.

 Алмас Тілеуханов, Шымкент қалалық қорғаныс істері департаментінің бастығы:
«Жоғары Әскери оқуға түсу, гранттар беру, қарыздарына үзіліс беру сында ұсыныстар қазір дайындық үстінде. ҚМ толық ақпаратты беретін болады. Бірақ бұл ресми ақпарат 2023 жылы қолданысқа енеді. 2023-те заңға енсе, биыл кеткен азаматтар сол жеңілдікті алу құқығына ие бола алады. Бізге әскерге келген балаларға сауалнамалар жүргізіп, неге жастар әскерге келгісі келмейді деген мәселесін сұрап біліп, осындай жеңілдіктер ұсынғалы отыр».

Еске салайық, 1 қыркүйектен бастап, күзгі әскерге шақырылым басталды. Былтырғыдай азаматтарды көшеде жүрген жерінде ұстап әкетпес үшін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан жауапты мамандарға тапсырма берді. Ол бәрін заң аясында жүргізу керектігін айтты.

Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласының әкім орынбасары: «Күзгі әскери қызметке азаматтарды шақыру жұмыстары қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес ұйымдастыру және өткізу керек. Бұл жерде өткен жылы, осы жылы көктем айларында үйлерінің ауласында, кешкі мезгілде полиция қызметкерлерімен бірлесіп, әскерге бармай жүрген балаларды кәдімгідей аулау болды. Сондай жағдайға жол бермеуіміз керек. Егер әскерден қашса, барғысы келмесе оның заң аясында жүргізілуі тиіс».

Айта кетейік, 2021 жылы мерзімді шақыртумен 756 шымкенттік әскерге алынған. Ал биыл былтырмен салыстарғанда жоспар 10 пайызға өсіп, 800-ден аса азаматты әскер қатарына алу көзделіп отыр. Президенттің қорғаныс саласын жетілдіруге байланысты берген тапсырмасына сәйкес жергілікті билік ауқымды жұмыстар атқаруда.