Сағадиев Фирдоуси ауылында хиджаб киген қыздарды мектепке кіргізбеудің себебін түсіндірді 

571
Фото baq.kz

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Түркістан облысы Мақтарал ауданы Фирдоуси ауылында 1 қыркүйекте хиджаб киіп келген оқушылардың мектепке неліктен кіргізілмегенін Үкімет отырысынан кейін клуарда айтты, деп хабарлайды Вaq.kz.

Ведомство басшысының айтуынша, орамал таққан оқушыларды мектепке кіргізбеу туралы өзі тапсырма берген.

«Заң бойынша діни киіммен мектепке баруға болмайды. Біз ол жаққа (Түркістан облысы, Мақтарал ауданы, Фирдоуси ауылына – ред. ескертп.) арнайы комиссия жібердік. Оқушылардың ата-анасымен әңгіме жүргізіп, бір шешімге келеміз деген үміттемін. Ол жерде уәкілетті органдар, әкімдік өкілдері бар және біз барлығымыз бірыңғай комиссия құрып, осы мәселені шешуіміз керек. Менің тапсырмам бойынша орамал таққан оқушылар мектепке кірмейді. Мұндай жағдай Ақтөбеде де болған», – деп қорытындылады Сағадиев.

Еске сала кетсек, Hamza Asadullah есімді Facebook қолданушысы 1 қыркүйек күні Фирдоуси ауылында болған оқиға түсірілген видеоны желіге жүктеді. Кадрда орамал тағып, ұзын көйлек киген бір топ қыз мектеп басшылығының рұқсатынсыз оқу ғимаратына кіруге тырысуда. Алайда сол жерде тұрған құқық қорғау қызметкерлері мен мекеме басшылары оларды кіргізбей қойды.

Желі қолданушылары қалдырған пікірлерге қарасақ, хиджаб кигенді қолдайтындар мен керісінше мектеп формасын ұстану керек дегендердің саны екіге бөлінді.
«Әр мемлекеттік заңын құрметтеу керек» дегендер де бар.