Қ.Тоқаев: Түркістанға «Рухани астана» мәртебесін қарау мәселесі пысықталып жатыр

141

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің рухани астанасы Түркістан облысына барып, күнгей өңір халқымен кездесті. Кездесу барысында жұмыс сапарының негізгі мақсаты облыстағы ахуалмен танысу екенін айтты. Әрі өз сөзінде соңғы жылдары Түркістанда қандай өзгерістер орын алғанын тілге тиек етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Біз киелі шаһарды рухани және тарихи елордамыз десек, дұрыс пайым болатынына күмәнім жоқ. Сондықтан Үкімет таяу арада Түркістан қаласына осындай мәртебе беру мәселесіне қатысты лайықты шешім қабылдайды деп ойлаймын. Қастерлі шаһар көне заманнан бері ұлттың ұясы, қазақтың қара шаңырағы болып келеді. Түркістан осы мәртебелі міндетін қазір де абыроймен атқарып отыр. Сол себепті, мен ата жолын ұстанып, Ұлттық құрылтайдың келесі отырысын Түркістанда өткізуді ұсындым. Онда ел болашағына қатысты өзекті мәселелерді талқылаймыз».

Мұнда есімі қазақ жылнамасында алтын әріппен жазылған бірқатар тұлғалар жерленгенін айтып өткен президент Қожа Ахмет Ясауи кесенесін де аралады. Тарихи ескерткіштің жағдайымен танысып, алдағы уақытта жасалатын құрылыс жұмыстарын пысықтады.

Рухани астанаға сапары кезінде мемлекет басшысы экобелсенді жастармен бірге ботаникалық баққа ағаш отырғызды. Қасым-Жомарт Тоқаев ендігі үміт жастарда екенін айтып, оларды тек адал еңбек етуге шақырды.

«Еңбекқор адам болуымыз керек. Мен баршаңызды қолдаймын. Баршаңызды мақтан тұтамын. Өскелең ұрпақ деген біздің үмітіміз. Еліміздің болашағы сіздердің қолдарыңызда. Біз ардагер болып мәңгі билікте отырмаймыз. Менің ең үлкен мақсатым, жастарға жол беру. Енді жаңа Конституция бойынша Президентті бір-ақ рет сайлайтын болдық. Себебі жастарға жол беру керек. Енді сіздерде құр ұраннан аулақ болып, іске көшіңіздер»,-деді Президент.

Мемлекет басшысы Түркістанда бірқатар еңбек ардагерін мемлекеттік наградалармен марапаттады. Сондай-ақ, ол келесі Ұлттық құрылтай Түркістанда өтетінін хабарлады.