Шымкентте «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты форум өтті. Қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы» ұйымдастырған іс-шараға еліміздің әр өңірінен келген тіл жанашырлары қатысты. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін форум биыл ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып отыр.
Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай 4 томдық жинақ жарық көреді. 3 тілдегі туындының тұсаукесері 4 қазан күні Фарнцияның париж қаласында ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде өтеді. Ал содан кейін әлемнің өзге қалалары мен Қазақстанда жинақтың жарық көруіне арналған конференциялар өткізіледі. Бұл туралы Шымкентте өткен форумда сөз болды.
Лиза Есбосынова, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары: «Тіл-Қазына» орталығы 12 айти-дербес жоба әзірлеп отыр. Оның ішінде әдістеме, орфография, терминологияға байланысты және атауларға байланысты. Оның ішінде қазіргі таңда «Ахмет – тіл әлемі» деп аталатын сайт әзірлеп жатырмыз. Барлық жұмысымыз Ахмет Байтұрсынұлының еңбегіне, өмір жолына арналатын болады».
«Мемлекеттік тіл – менің тілім!» — бүгін үшінші мегаполисте осы тақырыпта дәстүрлі форум өтті. Форумның мақсаты – мемлекеттің тілдің қолдану аясын кеңейтіп, қазақ тілінің мәртебесін көтеру дейді ұйымдастырушылар.
Гүлмира Жанысбекова, Шымкент қалалық тілдерді оқыту әдістемелік орталығы директоры: «Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, жаңаша бір формалары, қазақ тілінің өтілуін, сабақтың берілуін, мемлекттік тіліміздің жаңа бір бағыт-бағдарын айқындайды деп ойлаймын».
Қазақстан халқы тілдері күні және ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай өткізіліп отырған форумға еліміздің әр өңірінен келген тіл жанашырлары қатысты. Жиында профессорлар, сондай-ақ жазушы-ғалымдар «Тіл – ұлттың игілігі» тақырыбында баяндама оқыды.
Құлбек Ергөбек, профессор: «Ана тілінің мәртебесі төмен тұрып, қазақ ұлтының мәртебесі биік болуы тіпті де мүмкін емес. Бүгінгі форумның түйіні осы деп ойлаймын. Бәрін бірдей билік басында отырған азаматтарға ратып қойып, қол қусырып қарап отыруға болмайды. Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құрушы қазақ ұлтының жағдайын жете түсінуіміз керек».
Президент тапсырмасына сай ұлт ұлыларының мерейтойы осылайша кең көлемде атап өтілуде.
Елімізде тіл саясатын жүзеге асыру мақсатында 108 мемлекеттік және 600-ден астам жекеменшік тіл оқыту орталығы жұмыс істейді. Ұйымдастырушылар қазақ тілінің ахуалын сарапқа салатын мұндай форумдар алдағы уақытта да жиі өтіп тұрады дейді. Ал мерекелік жиын соңы Шымкент қалалық мәдениет үйі өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.