«TILTIME»: Шымкентте Қазақстан халқы тілдері күні аталып өтті

85

Шымкентте 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күніне орай «TILTIME» мерекелік іс-шарасы өтті. Онда қаладағы 5 кітапхана кітап көрмесін ұйымдастырды. Одан бөлек мектеп оқушылары арасында сурет салудан шеберлік сабақтары өткізіліп, асық ату, қоғызқұмалақ сынды ұлттық ойындар дәріптелді.

Арбат алаңында өткен Қазақстан халқы тілдері күніне арналған мерекелік іс-шара Ахмет Байтұрсынұлының «Қартайған арыстан» өлеңімен басталды. Себебі 5 қыркүйек тілдер мерекесімен қатар қазақ тіл білімі атасы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Осыған орай мегаполистегі 5 кітапхана кітап көрмесін ұйымдастырды.

Гүлмира Жанысбекова, Шымкент қалалық тілдерді оқыту әдістемелік орталығы директоры: «Әл-Фараби кітапханасы, Жасөспірімдер кітапханасы, Абай кітапханасы сияқты 5 кітапхана өз көрмелерін өткізіп жатыр. Олардың әрқайсысына тақырып бөлініп берілген. Біреуі Ахмет Байтұрсынұлының кітаптарын алып келген. Енді бірі басқа ақындардың көрмесін алып келіп қойып жатыр».

“Әл-Фараби” қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасы” .“Ұлттық руханиятымыздың өзегі – тіл” тақырыбында Ахмет Байтұрсынұлының 70-ке жуық ғылыми еңбегі мен кітабын тұрғындар назарына ұсынды. Ал шымкенттік жастар көрменің арқасында ұлт ұстазы жайында мол мәліметке қанық болдық дейді.

Жасмина Рахманбердиева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мен бүгін осы көрмеге келіп, өзім білмеген ақпараттарды, жалпы А. Байтұрсынұлы жайлы көп нәрсе білмейтінмін. Бірақ бүгін осы көрмеген келіп, өзімен керекті ақпаратты біліп, үйреніп жатырмын».

Шарада кітап көрмесінен бөлек Қаратау өнер мектебінің жас суретшілері сурет салып, шеберлік сабақтарын өткізсе, мектеп оқушылары арасында тоғызқұмалақ, асық ату сияқты ұлттық ойын түрлері дәріптелді. Ал «Шымкент қалалық өзбек драма театры» тілдер мерекесіне орай «Сайрам базар» композициялық қойылымын қойды.

«TILTIME» іс-шарасы аясында мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы қазақ тілінің аясын кеңейтіп жүрген тіл жанашырларын марапаттады. Тілдер мемекесіне орай құрметке бөленген Нұрила Жұманова бұл марапат 30 жылдық еңбегінің жемісі екенін айтады.

Нұрила Жұманова, Шымкент қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің директоры: «Мен тіл саясаты комитетінің алғыс хатымен марапатталып жатырмын. Бұл менің 30 жылға жуық тіл саласына сіңірген еңбегімнің жемісі деп білемін. 10 жылға жуық тіл маманы болдым, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ бердім. 10 жылға жуық Тілдерді дамыту басқармасындағы мемлекеттітік тілді дамыту және ономастика бөлімінің бас маманы болып жұмыс жасадым».

Ал түркі тілдерін зерттеп Түркияда сабақ беріп жүрген профессор ана тілін құрметтеп, өзге тілдерді жетік білген қазақ жастарын мақтан тұтатынын айтады.

Аябек Байниязов,  профессор: «Түркияда бір тіл бір адам, екі тіл екі адам деген жақсы нақыл сөз бар. Түркияда жүргенде көріп тұрамын, біздің қазақ жастары көп тілді жақсы меңгерген, сонысымен мақтан етемін. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін толық меңгерген».

Әсел Мәлік