Абай ауданында 32,7 млрд. теңге инвестиция тартылған

51

 

Шымкент қаласы Абай ауданының экономикасына 32 миллиард 700 миллион теңге инвестиция тартылған.

Бұл туралы үгін Шымкент қаласы әкімдігінің жанындағы ақпараттық-коммуникациялар орталығында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» атты Жолдауы аясында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баспасөз брифинг өткізген Абай ауданының әкімі Бұқарбай Парманов мәлімдеді.

Брифингте Б.Парманов аудан аумағында 34 шағын аудан мен елді мекен орналасқанын, оның ішінде 453 көп қабатты үй, 258 аула мен 2 саябақ бар екенін атап өтті.

Әкімнің айтуынша, Абай ауданына 2017 жылы 22,6 миллиард теңге бөлінсе, 2022 жылы 110,8 миллиард теңге бөлінген. Егер бұл мәлімтті сала бойынша талдар болсақ, 2022 жылы ауыз суға — 5,2 миллиард теңге, сапалы электрмен қамтуға — 5,2 миллиард теңге, табиғи газбен қамтуға — 5,3 миллиард теңге, кәріз жүйесінің құрылысына – 1,4 миллиард теңге және аудан аумағын абаттандыруға 956,1 миллион теңге бөлінген.

Сондай-ақ, Б.Парманов биыл жол құрылысы саласына – 2,4 миллиард теңге, көшелерді, аулаларды, қоғамдық орындарды жарықтандыруға – 5 миллиард теңге, ал, санитарлық тазалыққа 2,6 миллиард теңге қаралғанын атап өтті.
Абай ауданында бюджет қаржысының айтарлықтай үлкен бөлігі әлеуметтік салаға жұмсалып отыр. Аудан әкімінің айтуынша, бұл бағытқа жұмсалған қаржы 2017 жылы – 18,1 миллиард теңгені құраған болса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 75,3 миллиард теңгеге жетіп отыр екен.

Б.Пармановтың айтуынша, 2022 жылдың 9 айындағы қорытындысы бойынша ауданда өнеркәсіп саласында 56,8 миллиард теңгенің өнімі өндірілсе, экономикаға 32,7 миллиард инвестиция тартылыпты. Сондай-ақ, құрылыста 3,9 миллиард теңгенің жұмысы атқарылса, аудан аумағында 65,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліпті.