Түркістан облысы қысқа мерзімді экономикалық өсім және шетелдік инвестиция тарту бойынша республикада көш бастады. Жыл басынан бері өңір экономикасы 123,3 пайыз өскен. Бұл көрсеткіш пен аймақтың алдағы даму бағыты сегізінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың кезекті жиырма үшінші сессиясында мәлім болды.
Түркістан облысы шетелден инвесторлар тарту бойынша елімізде көш бастады. Былтыр өңірдің экономикалық әлеуетіне қызыққан кәсіпкерлер 2 млрд АҚШ долларына жуық қаражат салған. Нәтижесінде жоспар 4 есе артығымен орындалды. Ал биыл аймаққа 1 триллион 783,9 миллиард теңге инвестиция тарту көзделіп отыр. Жыл басынан оның 614,2 миллиарды жүзеге асып, өсім 150,5 пайызды құрады. Бұл ретте жергілікті бизнес өкілдеріне көрсетілген мемлекеттік қолдаудың да үлесі зор дейді жауаптылар.
НҰРЖІГІТ МЫРЗАХМЕТОВ, ТО КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ САУДА БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Кәсіпкерлер табысының артуына әлбетте мемлекеттік қаржылай қолдау бағдарламалары үлкен септігін тигізді. Жеңілдетілген несиелеуді көздейтін бірыңғай кешенді бағдарлама арқылы өткен жылда кәсіпкерлік саласына 24,5 миллиард теңгеге несие берілді. Несиелендіру көрсеткіші бойынша Түркістан облысы үздік бес өңірдің қатарында. Сонымен қатар, өткен жылдың тамыз айында кәсіпкерлер үшін 12,6 пайызбен несиелеуді көздейтін «Өрлеу» бағдарламасы іске қосылды, бұл бағдарлама арқылы кәсіпкерлер 11 миллиард теңге қаржыланды. Сондай-ақ, наурыз айынан бастап кәсіпкерлер үшін жаңа бағдарлама — «Іскер аймақ» бағдарламасы іске қосылды. Бұл бағдарлама негизінен шағын және микробизнесті қолдауға бағытталған. Жалпы алғанда, «Өрлеу» және «Іскер аймақ» бағдарламасы арқылы ағымдағы жылға кәсіпкерлерді несиелендіру көлемі 30 миллиард теңге көлемінде болжанып отыр».
Бизнесті қолдаумен қатар, облыста 2026-2029 жылдарға арналған құны 2,8 триллион теңге болатын 122 инвестициялық жобаның ауқымды пулы қалыптасты. Бұл өңірде 17 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Оның ішінде шетелдік капиталдың қатысуымен 30 жоба іске асырылып жатыр. Сессияда сөз алған облыс әкімі Нұралхан Көшеров бұл нәтиженің барлығы ортақ ауызбіршіліктің жемісі екенін жеткізді.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: «Бес айдың ішінде үлкен жұмыстар атқарылып келе жатыр. Жалпы біздің қысқа мерзімді экономикалық өсімді айтатын болсақ, 123,3 пайызға жетіп отырмыз. Жалпы өңірлердің арасын салыстыратын болсақ, біз қазіргі таңда бірінші орынды ие болып келе жатырмыз өңірлер арасында. Оның бәрі мына әкімдік пен мәслихаттың осы бір ауыздан бірін-бірі қолдап, мына тұтас жұмыстың арқасында болып жатқан шаруа».
Жалпы, жыл басынан бері құны 42,4 млрд теңге болатын 11 инвестициялық жоба іске қосылды. Нәтижесінде 400-ден астам жұмыс орны ашылды. Айта кетейік, сессия барысында 27 маңызды мәселе көтерілді.
Әсел Мәлік






