Еліміздің бас ұстазы шымкенттік мұғалімдермен кездесті

50

ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағанбетов Шымкент қаласының білім саласының өкілдерімен кездесті. Еліміздің бас ұстазы алдағы атқарылып жатқан жұмыстар мен, алдағы өзгерістер туралы айтты.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Оқу-ағарту министрі: «Келесі жылдан бастап балабақша тәрбиешілерінің жалақысын көбейтіп, жүктемесін азайту көзделіп отыр. Себебі, балабақша — білім беру саласының іргетасы. Сонымен қатар, балалардың тамақтану нормативі мен балабақшаға орналасу кезегі де қайта қаралады».

Аймағамбетов өз баяндамасында мектепке дейінгі оқыту және орта білім беру, техникалық және кәсіптік білім беру, балалардың құқығын қорғау мен педагог мәртебесі жайында сөз қозғады.

«Елімізде «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, бүгінде мектеп мұғалімдерінің қосымша жүктемесі азайтылды. Яғни, әр мұғалім бір жұмыс күнінде екі құжатты ғана толтырады. Оның бірі – сабақ жоспары, екіншісі – сыныптың оқу журналы. Алайда, мұғалімдер сыныптағы 4-5 дарынды оқушыны ғана бағалап, оқытпай, үлгерімі төмен оқушылармен жұмысты күшейтуі керек. Сынып жетекшілері баланың ата-анасымен жұмыс істеп, сабақ үлгерімінің төмендеу себебін анықтаған жағдайда, білім сапасының да артатыны сөзсіз. Мен бұл тұста, еліміздегі Білім-инновация лицейлерінің ата-анамен жұмыс тәжірибесін қолдаймын»,- деді Асхат Қанатұлы.

Сондай-ақ, білім сапасын арттыру мақсатында мектеп директорларының ротациясы да өз нәтижесін беріп отыр дейді Асхат Аймағамбетов. Ал Шымкент қаласы алғашқылардың бірі болып ротация жұмыстарын жүргізген.

«20 жылдан астам бір мектепті басқарған кісілердің ротацияға деген кереғар көзқарасын білеміз. Дегенмен, білім сапасын арттыру үшін қажетті тәжірибенің бірі. Биыл республиканың барлық өңірінен 1000 мектеп директорын ротациялау жоспарланған болса, бүгінге дейін оның 700-і ауысып үлгерді. Алдағы уақытта бір мектептің басшылығындағы қызметі 7 жылдан асқан жағдайда ғана ротацияланады»,-дейді еліміздің бас ұстазы.

Сонымен қатар, Оқу-ағарту министрі алдағы уақытта өңірлерде салынатын мектептердің жай-күйіне, мұғалімдердің жұмысқа орналасу мәселесіне тоқталды. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқанның жүргізуімен өткен жиын сұрақ-жауап негізінде жалғасты. Кездесуге келген мұғалімдер мен мектеп қамқорлық кеңесінің төрағалары, колледж оқытушылары саладағы көкейтесті сауалдарын жолдады.

Мемлекет басшысының білім сапасын арттыру жөнінде берген тапсырмасы табысты жүзеге асырылуда. Шымкент қаласында білім  саласына баса назар аударылып, көптеген жұмыстар атқарылуда.

Мөлдір Ибадуллаева