Халықтың шағымына байланысты Тұрандағы тұрғын үйдегі кемшіліктер жойылды

19

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Тұран» шағын ауданындағы биыл берілетін тұрғын үйлерді аралады. Сонымен қатар инфрақұрылым жүйелерінің сапасын тексеріп шықты.

Бұған дейін қала әкімі халықпен кездесу барысында тұрғындардан түскен шағымдар негізінде әрбір нысанды жіті бақылауына алып, тұрғындар мен тиісті сала басшыларынан тұратын арнайы топ құрған еді. Осылайша, кәсіби «технадзор»-лардан бөлек, Мұрат Әйтенов жұмыс тобымен аталған аудан аумағында құрылысы жүргізіліп жатқан тұрғын үйлер мен инфрақұрылым жүйелерінің жұмыс сапасын бақылауға алған.

Баспанадағы ақауларды анықтауға зерделеу жұмысын жасайтын арнайы топ жүргізген бақылаулар нәтижесінде 230-дан астам пәтерде ақаулықтарды анықтап, кемшіліктің 85% мердігер мекеме тарапынан жойылды.

 

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Шымкентте тұрғын үйге деген сұраныс жоғары. Қазірдің өзінде 48 623 азамат тізімге тіркелген болса, оның 1819-ы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, 9 186-сы көпбалалы отбасы, ал 16 957-сі халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы санатында, бұл тізімде сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілер де бар. Бұл кісілер ертерек өз баспанасына қол жеткізуі үшін сіздер жұмысты сапалы әрі мерзімінде орындап бітуге тиіссіздер».

Тұран шағын ауданындағы инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы аяқталуға жақын. Бүгінге дейін тиісті жұмыстардың 88-95% орындалған.

Жалпы бұған дейін, қала басшысының тұрғындармен кездесуінде тұрандықтардың басым бөлігі тұрғын үй мәселесін көтерген еді. Жергілікті билік Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасына сай қарапайым тұрғындардың барлық мәселесін басты назарға алып, шешімін тауып келеді.