Мұнай өнімдерін заңсыз сатудың 6 жайты анықталды

68

ҚР ІІМ-нің нұсқауына сәйкес ағымдағы жылдың 24-26 қазан аралығында Түркістан облысы ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы «Отын-Энергетика» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде. Оның негізгі мақсаты — отын-энергетика саласындағы қылмыстардың алдын алу, анықтау және жолын кесу.

Мәселен Түркістан облысы ПД ҰҚҚІҚБ қызметкерлері тексеріс ұйымдастырып, кенттердің бірінде жанар-жағармай материалдарын заңсыз сатумен айналысқан жергілікті тұрғынды анықтады. Полицейлер сезікті әйелдің дүкен қоймасынан түрлі контейнерлерге құйылған шамамен 500 литр бензин мен резеңке шлангты айғақты зат ретінде тәркіледі.
Сондай-ақ жедел уәкілдер дәл осы күні Сарыағаш ауданында орналасқан қараусыз жанар-жағармай бекетінде мұнай өнімдерін тиісті құжаттарсыз заңсыз сақтау және сату дерегін анықтады. Аудан тұрғынынан тәртіп сақшылары 5 тонна дизель отыны бар цистернаны тәркіледі. Ер адам одан әрі жауап алу үшін Сарыағаш АПБ-на жеткізілді. Полиция қызметкерлері бұдан бөлек жанар-жағармай материалдарын заңсыз сатудың жайттарын Созақ, Түлкібас және Келес аудандарында анықтады.
Полицейлер аталмыш «Отын-Энергетика» жедел-профилактикалық шарасы аясында ҚР ҚК-нің 197-бабы 1-бөлігі «Мұнай мен мұнай өнімдерін тасымалдау, сатып алу, өткізу, сақтау, сондай-ақ олардың шығу тегінің заңдылығын растайтын құжаттарсыз мұнайды қайта өңдеу» бойынша 6 жайтты тіркеді. Заңсыз айналымнан 7 тоннаға жуық жанар-жағармай, оның ішінде дизель мен бензин алды.
Қазіргі уақытта барлық анықталған жайттар бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер мұндай іс-шаралар өз жалғасын табатынын жеткізді.