Қаратау ауданында 2023 жылы дағдарыс орталығы ашылады

90

Шымкентте «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудағы отбасылық құндылықтардың рөлі» атты ауқымды семинар өтті. Онда Қаратау ауданына қарасты қоғамдық кеңес мүшелері, әкімдік пен түрлі отбасылық кеңес мүшелері қатысты. Шара барысында өңірде орын алған жайттар айтылып, зорлық-зомбылықты болдырмау шаралары талқыланды.

Қаратау ауданында жыл басынан бері зорлық-зомбылық бойынша 1 400-ден аса хабарлама келіп түскен. Соның ішінде 850-ге жуық жайтқа байланысты нұсқама толтырылған. Сондықтан келер жылдың қаңтар айында халық тығыз орналасқан Қаратау және Абай ауданында тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арналған дағдарыс орталығын ашу жоспарларған.

Рақымберді Мүлкеманов, Қаратау ауданының әкімі: «Аудан тұрғындарының 54 пайызын, яғни 134 мыңдайын әйелдер қауымы құрайды. Жыл басынан бері 600-дей жайтты тіркеп, бақылауымызға алғанбыз. Сонымен қатар үлкендерді ғана емес, жастарды да іске қостық. Жастар ресурстар орталығы жастармен кездесіп, зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін түрлі тренингтер өткізіп тұрады»

Ал қазіргі таңда тұрмыстық кикілжіңнің әсерінен отбасылардың шаңырағы шайқалған сәттер көптеп кездеседі. Сондықтан да сот қабырғасынан медиациялық алқа жасақталған. Олар екі тараппен сөйлесіп, мәселелерін ортақ шешуге атсалысып, ерлі зайыптыларды отбасын сақтап қалуға үндейді.

 Еркін Отарбаев, «Әкелер одағының» белсенді мүшесі: «Зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында біршама іс атқарылып жатыр. Сондай зорлықтардың әсері сотқа алып келіп, отбасылардың некесі бұзылып жатады. Қазір медиация туралы заң шыққанын білесіздер. Яғни тараптарды татуластыру рәсімі жүреді. Сотқа дейін де, кейін де татуластыруға тырысамыз. Қазіргі таңда осындай институттар көптеп ашылған. Зорлық зомбылықтың алдын алуымыз керек. Өйткені әрбір азамат отбасының тыныштығын ойлау керек. Содан соң осындай жиындарға әкелерді тарту керек. Әке отбасының тірегі, олардың жауапкершілігін арттыру қажет»


Жиынға әжелер алқасы, білім беру ұйымдары, қоғамдық кеңес мүшелері қатысты. Соның бірі тәртібі нашар балаларды оқытып, қоғамдағы белсенділігін арттырып жүрген №2 кешкі мектеп. Онда 500-ге тарта оқушы арнайы шешім бойынша қабылдап, білім алып жатыр.

Гүлмира Мулдахметова, №2 кешкі мектеп директоры: «Зорлық-зорбылықсыз Қазақстан» деген керемет жоба жүзеге асып жатыр. Сондықтан мынау өзіміздің кешкі мектепке келетін болсақ, қалалық әкімшілік жанынан құрылған кәмелетке толмаған балалар комиссия шешімімен келеді біздің мектепке. Қазір біздің мектепте оқушылар отбасыларына жанашырлықпен ерте еңбекке араласып, үйіне көмек беріп жүр».

Кездесу барысында отбасының татулығын сақтап қалу үшін қандай іс-әрекеттер жасау керектігі туралы семинар-тренингтер ұйымдастырылды. Мұндай қоғамдық проблемалар көтеріліп, шешімін табуға үлес қосатын шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің бірі отбасылық институттардың жұмысын жандандыру болатын. Бұл мәселеге жергілікті билік баса назар аударып отыр.